15.01.2007, 13:40 3062

Республика аймақтарында жолдардағы жағдайды бақылау үшін жедел штабтар құрылды

АСТАНА. 15-қаңтар. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігі республиканың барлық аймақтарында қыс маусымында жолдардағы жағдайды бақылау үшін жедел штабтар құрды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.

Көлік және коммуникация министрлігінің көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті күн сайын еліміздің әрбір облысындағы негізгі жол бағыттары бойынша автотрассаларды күзетеді. Баспасөз қызметінің түсіндіргеніндей, күн райы күрт өзгерген жағдайда жолдарда көк тайғақ түзіліп, қар басып қалады. Осының салдарынан Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында тас жолдардағы қозғалыс шектеліп отырды немесе мүлдем тоқтатылған.

Қазіргі уақытта республиканың барлық аймақтарында гидрометерология бюросының ақпараттарын жеткізу қолға алынып, қалааралық көлік қозғалысына "Боран", "Көк тайғақ" хабарландыру жүйесі арқылы бақылау жүргізілуде. Хабарландыру жүйесі жол полициясы және төтенше жағдайлар органдарымен ықпалдасу үшін, сонымен қатар жолға шыққандарды жол ахуалы туралы ескерту мақсатында жасалған. Республикалық маңыздағы көлік жолдарындағы жағдаймен "Қазақкөлікжолы" РМК айналысуда.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, қолданылған шаралар кешенінің нәтижесінде 2006 жылдың 7-қазаны мен 2007 жылдың 4-қаңтары аралығында республикалық маңыздағы жолдарда жүріске шектеу қоюға қатысты 39 оқиға тіркелгенімен, оларға жолдардың ахуалы себеп болған жоқ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны