15.12.2009, 18:53 3470

Республика тәуелсіздігінің 18 жылдығын тойлау қарсаңында бір топ азаматтарға мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыс етілді

Республика тәуелсіздігінің 18 жылдығын тойлау қарсаңында бір топ азаматтарға мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыс етілді

Астана. 15 желтоқсан. Kazakhstan Today - Республика тәуелсіздігінің 18 жылдығын тойлау қарсаңында, бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бір топ азаматтарына мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыс етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде, "бүгін біз "Қазақстанның Еңбек Ері" атағының жаңа иегерлеріне құрмет көрсетіп отырмыз. Олардың қатарында: Халық жазушысы, парламент сенатының депутаты Ибіл Кекілбаев, Қостанай облысындағы "Каркен" ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жетекшісі Сайран Бұқанов, "Өскемен титан-магний комбинаты" акционерлік қоғамының президенті Бағдат Шаяхметов бар", деп атап көрсетті.

"Отанымыздың жоғары наградаларын түрлі ұлт өкілдері алып отырғанын айтып өткім келеді. Бұл барша қазақстандықтардың еліміздің - Қазақстан Республикасының гүлденуіне жаппай үлес қосып жатқанын қуаттайды. Бүгін табыс етілген ордендер мен медальдар, алған жоғары атақтар екі есе құнды. Сіздер оларды әлемдік дағдарыс өршіп тұрған, еліміз үшін қиын кездегі атқарып отырған еңбектеріңіз үшін алып отырсыздар. Сіздердің адал, ерен еңбектеріңіздің, белсенді өмірілік ұстанымдарыңыздың, отансүйгіштік рухтарыңыздың арқасында, Қазақстан жоғары жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Біз экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз, дағдарысқа қарсы шаралар табысты жүзеге асырылуда. Қоғамымыз орнықты дамып, біртұтас және мығым ел болып отыр", деп атап көрсетті Елбасы өз сөзінде.

"Тәуелсіз Қазақстан үшін, әрбір қазақстандықтың бақуаттылығы үшін атқарған еңбектеріңіз үшін мен сіздерге ризамын. Біздің барлығымыз, барша Қазақстан халқы, жақсы еңбек етудеміз, сондықтан да табыстымыз",- деді Н.Назарбаев.

Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Ләззат Қиынов, Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин - "Отан" орденімен марапатталса, президент кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев" орденін алды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин - ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен, ақын Фариза Оңғарсынова І дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды.

Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Қайрат Қадыржанов, оның орынбасары Александр Борисенко және тағы басқалар ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықпен атап өтілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны