28.07.2015, 18:31 3560

С.Ахметовтіӊ ісі бойынша басты сот талқылауы 10 тамызға тағайындалды

Сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталған ҚР бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов пен Қарағанды облысыныӊ басқа да бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерініӊ және бизнесмендердіӊ қылмыстық ісі бойынша басты сот талқылауы 10 тамызға тағайындалды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі

Астана. 28 Шілде. Kazakhstan Today - Сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталған ҚР бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов пен Қарағанды облысыныӊ басқа да бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерініӊ және бизнесмендердіӊ қылмыстық ісі бойынша басты сот талқылауы 10 тамызға тағайындалды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Басты сот талқылауы 2015 жылғы 10 тамызға тағайындалсын", - деп хабарлады алдын ала тыӊдау аяқталғаннан кейін Қарағанды облысы қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттыӊ судьясы Исламхан Есенбаев, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

Сот алдын ала тыӊдау барысында мәлімделген сотталушыларды қорғау қолдаухаттарын қабылдамады. Серік Ахметовтіӊ адвокаттары оған сеніп тапсырылған мүлікті иелену немесе ысырап ету, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалануға байланысты эпизодтар бойынша қылмыстық құрамныӊ жоқ болуына орай екі бап бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатуды өтінді. Бұдан басқа, қорғау тарапы шығын сомасын азайтуды талап етті.

Облыстыӊ бұрынғы әкімі Б.Ибдішев пен Қарағандыныӊ бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловтыӊ қорғаушылары бұлтартпау шараларын өзгертуді талап етті. Олар бұрынғы шенеуніктерді үйқамаққа немесе кепілге шығаруды өтінді.

Алдын ала тыӊдау аяқталған кезде сөз алған облыстыӊ бұрынғы әкімі Б.Ибдішев тергеу барысында берілген айғақты дәлелдерден бас тартты.

"Айғақты жоққа шығаруды өтінемін, мен бұл айғақты қатты қысым көрсеткендіктен, ауыр баппен қорқытқаннан кейін мойындадым", - деді Б.Ибдішев.

Судья бұл қолдаухат басты сот талқылауында қаралатынын хабарлады.

Еске сала кетейік, Қарағанды облыстық прокуратурасы хабарлағандай, бақылау органы бұрынғы премьер-министр С.Н.Ахметовке, облыстыӊ экс-әкімі Б.Т. Ибдішевке, Қарағанды қаласыныӊ экс-әкімі М.А. Смағұловқа және басқа да бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс материалдарын зерделеуді аяқтады. Сыбайлас жемқорлық ісі бойынша барлығы 21 адам тергелуде. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады және кәсіпкерлік қызметке заӊсыз араласты деген айыптар тағылған.С.Ахметов сондай-ақ аса ірі көлемде пара алуға айыпталуда. Қылмыстық іс материалдары 300 томнан асады.

Тергеу нұсқасы бойынша, С.Ахметов 1 млрд. теӊгеден астам бюджет қаражатын жымқырып, 2,4 млн. АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдік бар. Серік Ахметовтіӊ қылмыстық ісі бойынша көрсетілген 1 млрд теӊгеден астам шығынныӊ 430 млн теӊгесі мемлекетке аударылды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны