14.04.2009, 17:25 13823

"Сайран" және "Үш Төбе" тұрғын үй кешендерінің үлескерлері "Самұрық-Қазына" қорының ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына қатыса алады

"Сайран" және "Үш-Төбе" тұрғын үй кешендерінің үлескерлері "Самұрық-Қазына" қорының ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына қатыса алады

Алматы. 14 сәуір. "Қазақстан Бүгін" -"Сайран" және "Үш Төбе" тұрғын үй кешендерінің үлескерлері "Самұрық- Қазына" қорының ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына қатыса алады. Бұл туралы "Қуат корпорациясы" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Олег Нам 10 сәуір күні корпорацияның бас кеңсесінде үлескерлермен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Жиында Қазкоммерцбанк өкілдері, "Қуат" корпорациясының басшылығы мен осы компанияның ынталы үлескерлерден құралған тобы "Сайран" мен "Үш Төбе" тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау туралы жоспарларын талқылады.

Кездесу, ертеректе "Қуат" корпорациясының ынталы үлескерлерден құралған тобы мен Қазкоммерцбанк қол жеткізген уағдаластықтың аясында өтті.

Кездесуге "Қуат корпорациясы" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Олег Нам, Алматы қаласы МАҚБ өкілдері, Қазақстанның Ұлттық тұтынушылар лигасының төрағасы Светлана Савченко, "Қазкоммерцбанк" АҚ №6 корпоративті байланыс департаментінің директоры Мұхит Изірбаев және "Қуат" корпорациясының ынталы үлескерлерден құралған тобы қатысты.

"Қуат" корпорациясының басшысы Олег Нам мырза үлескерлерге Алматы қаласындағы "Қуат" нысандарындағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді. О.Нам мырза құрылысын Қазкоммерцбанк қаржыландыратын "Үш Төбе" тұрғын үй кешені мен "Сайран" тұрғын үй кешенінің бес тұрғын орамы туралы сөз етті. Оның айтуынша, сарапшылардың жаңадан берген қорытындысына сәйкес, аталған нысандардың дайындық дәрежесі ертеректе айтылған 5-7% емес, 20%-дан 55%-ға жеткен. Сондықтан аталмыш компания үлескерлері "Самұрық- Қазына" ҰИҚ ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мемлекеттік бағдарламасына қатыса алады. Сондай-ақ, Олег Нам мырза Алматы қаласы әкімдігінің арқасында корпорацияның барлық нысандарына техникалық талаптар алынғандығын жеткізді.

Қазкоммерцбанк өкілі Изірбаев мырза үлескерлерге арнайы жоба компаниясын қалыптастыру бойынша банк тарапынан қолданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ жоғарыда аталған нысандар бойынша банк пен құрылыс салушының ұсыныстарын жеткізді: құрылыс нысандарының жерлеріне салынған тыйымды алып тастау және оларды жобалық компанияның балансына аудару; қаржы көздерін анықтау мен тиісті шарттарды рәсімдеу; құрылысты аяқтау, сондай-ақ қаражат пен материалдық мүліктің көзделген мақсатқа жұмсалуын бақылау және жүргізіліп жатқан жұмыс пен оның сапасын бақылау.

Үлескерлер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайлы шынайы ақпарат алу үшін әрдайым кездесу өткізіп тұру туралы өтініш түсті. Сондай-ақ үлескерлер айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін құқық аясында қолдан келгенін істеуге әзір екендерін жеткізді.

Қорытындылай келе, нысандардың құрылысын аяқтауға қатысты сұрақтарды бірігіп шешкенде ғана конструктивті диалог жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ үлескерлердің жағдайды бас-аяғына дейін түсінуі өте маңызды. Кездесу нәтижесінде тараптар жақын уақытта және келешекте бірігіп атқарылатын жұмыстардың жоспарымен келісті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны