24.01.2007, 14:46 2870

"Самұрық" жүйесіне енетін компаниялардың іс-қызметінің транспаренттілігі мен ашықтығы сын көтермейді - үкімет басшысы

АСТАНА. 24-қаңтар. Kazakhstan Today. "Самұрық" жүйесіне енетін компаниялардың іс-қызметінің транспаренттілігі мен ашықтығы сын көтермейді. Бүгін "Самұрық" мемлекеттік холдингі" АҚ-ның кеңейтілген кеңесінде үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

""Самұрық" жүйесіне енетін компаниялардың іс-қызметінің транспаренттілігі мен ашықтығы жайында көп айтылып жүргенімен, оған толық қол жеткізілді дей алмаймыз",- деді К.Мәсімов. "Бұл мәселе мемлекет басшысы мен парламенттің де, жалпы қоғамның да жіті назарында. Өйткені, еліміздің негізгі ұлттық активтері - мұнай, газ, көлік және коммуникациялар "Самұрықта" шоғырланған. Мемлекет өз активтерін қалай басқарып отырғанын қоғам білуге тиіс. Осы мәселелердегі ашықтықтың маңызы аса зор",- деді К.Мәсімов.

Ол сонымен бірге "шағын және орта бизнестің тендерлерден тысқары қалмай, теңдей мүмкіндікке ие болуы үшін бизнес-қоғамдастық пен жалпы қоғамды компания алға қойып отырған жоспарлармен таныстырып отыру - айрықша маңызды міндет" екенін атап өтті.

""Самұрық" мемлекеттік холдингінің БАҚ арқылы қоғамдық тыңдаулардың көмегімен қоғамға ақпарат таратып отырған қазіргі жайы, меніңше, мүлдем сын көтермейді",- деді үкімет басшысы.

Ол "Самұрық" мемлекеттік холдингі" АҚ басқармаларының төрағасы Сауат Мыңбаевқа осы мәселені тікелей өз бақылауына алуды тапсырды.

"Сіздер шағын және орта бизнес саласының өнімдерін негізгі тұтынушылар болып табыласыздар. Сол себепті сіздер кәсіпкерлік ортамен және банк қоғамдастығымен етене жақын жұмыстар жүргізуге тиіссіздер",- деп санайды үкімет басшысы.

Ол осы орайда "келесі аптада кәсіпкерлік орта мен банк қоғамдастығы өкілдерімен"кездесетінін, аталмыш бағыттағы жұмыстарды үйлестіру қажеттігін" атап өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны