07.02.2014, 18:33 10601

"Самұрық-Қазына" КУ мамандары екі жақты оқыту жүйесін енгізу туралы баяндады

Айта кетерлік жайт, екі жақты оқыту жүйесі мен кәсіби стандарттарды енгізудің негізгі мақсаты ағымдағы кадр тапшылығын жою және жаңа жүйеге сүйене отырып мамандарды сапалы даярлауды қамтамасыз ету.

Алматы. 7 ақпан. Kazakhstan today. Астанада "Самұрық-Қазына" корпоративті университетінің мамандары "Екі жақты оқыту жүйесі мен білікті мамандарды даярлаудың негізі кәсіби стандарттар" атты дөңгелек үстелде екі жақты оқыту жүйесін енгізу туралы айтып берді. Алқалы жиынға "Самұрық-Қазына" АҚ мен мемлекеттік органдардың өкілдері және екі жақты оқыту жүйесі пилоттық жобасына қатысушылар қатысты.

"2012 жылы "Самұрық-Қазына" КУ екі жақты оқыту жүйесін дамытуды тапсырды. Яғни, сол кезден бастап екі жақты оқытудың тарихы басталды. Біз бұл жүйемен жұмыс істеуді бастағанда оның Қазақстан үшін жаңалық емес екеніне көз жеткіздік. Мұндай жүйе кеңестік кезеңде болған, алайда біз оны ұмытып кеттік. Қазіргі таңда біз әдістеме жасап жатырмыз және пилоттық жобаны әзірлеудеміз", - деді "Самұрық-Қазына" КУ директоры Шолпан Ержігітова.

Оның айтуынша, дөңгелек үстелдің көздегені - екі жақты оқыту жүйесі мен кәсіби стандарттарды енгізу бойынша нақты ұсыныстарды жасақтау. Келелі отырыс барысында "Самұрық-Қазына" корпоративті университетінің мамандары кәсіби стандарттарды жасақтау бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, екі жақты оқыту бойынша тәжірибелері жайында зауыт пен колледждердің өкілдері айтып берді.

Айта кетерлік жайт, екі жақты оқыту жүйесі мен кәсіби стандарттарды енгізудің негізгі мақсаты ағымдағы кадр тапшылығын жою және жаңа жүйеге сүйене отырып мамандарды сапалы даярлауды қамтамасыз ету.

Қазіргі таңда "Самұрық-Қазына" АҚ 9 компаниясы 33 колледждермен бірлесіп екі жақты оқыту жүйесі бойынша мамандар даярлауда.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны