29.02.2012, 15:09 3995

"Самұрық-Қазына" мен "Атамекен" одағы кәсіпкерлікті дамытуға бірлесе кіріспек

Бүгін "Самұрық-Қазына" ҰИҚ пен "Атамекен" одағы" Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы арасында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Астана. 29-ақпан. Kazakhstan Today - "Самұрық-Қазына" мен "Атамекен" одағы кәсіпкерлікті дамытуға бірлесе кіріспек, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, бүгін "Самұрық-Қазына" ҰИҚ пен "Атамекен" одағы" Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы арасында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат рәсімделгеннен кейін сөз алған аталған қор басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың атап өтуінше, меморандумда еліміздің ұлттық компанияларының отандық тауар өндірушілерден сатып алатын қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселесі қарастырылған. "Ол үшін біз арнайы жұмыс тобын құратын боламыз. Сонымен қатар өзіміздің сатып алу ережелерімізді ретке келтіріп, қазақстандық өндірушілерді қолдайтын жаңа ұсыныстар енгіземіз", - деді ол.

Есте болса, ағымдағы жылы Қазақстан халқына дәстүрлі жылсайынғы Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Үкіметке аймақтарды дамыту міндетін жүктеген болатын. Бұл мәселе қол қойылған құжатта қарастырылған. "Біз облыстардағы және шағын ауылдық мекендердегі кәсіпкерлерді, өндірушілерді қажет болған жағдайда ұлттық компаниялар арқылы да қолдау көрсететін боламыз", - деді Қ.Бишімбаев.

"Қол қойған меморандумымыздың негізгі мақсаты - елдегі кәсіпкерлікті дамыту. Біз "Самұрық-Қазына" қорымен үш жылдай жұмыс тәжірибеміз бар. Осы тәжірибені қорытына отырып, Елбасы алға қойған тапсырмаларды орындау үшін келісімге келіп отырмыз", - деді өз кезегінде "Атамекен" одағы" Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны