Сарапшы: Алматының бас жоспарына қатысты дау - қаланың жаңа даму моделіне төтеп беру қабілетіне қатысты мәселе
Алматының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары төңірегіндегі дау кәсіби пікірталас шеңберінен шығып, қаланың ұсынылып отырған даму моделіне төтеп беру қабілетіне қатысты мәселеге айналды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында заңгер әрі қоғам қайраткері Мұрат Қасенов мәлімдеді.
"Алматының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары мен оның стратегиялық экологиялық бағасына қатысты дау әлдеқашан кәсіби пікірталас аясынан шықты. Бір тарапта - қаланың ғылыми негізделген әрі қауіпсіз дамуын талап ететін тәуелсіз сарапшылар. Екінші тарапта - Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен "Алматыгенплан" ҒЗИ" ЖШС, олар қабылданған жобалық шешімдерді дәйекті түрде қорғап келеді. Бұл енді қала құрылысы құжаттамасы туралы дау емес. Бұл - Алматы ұсынылып отырған даму моделіне төтеп бере ала ма деген мәселе", - деді Мұрат Қасенов.
Маманның пікірінше, жобадағы негізгі қайшылық анық көрініп тұр: оның авторлары қаланы жан-жақты дамытудың орнына құрылысты шамадан тыс тығыздатуға басымдық беріп отыр.
Сарапшының толық пікірімен сілтеме арқылы танысуға болады.
Еске салайық, қала билігі Алматының Бас жоспарына түзетулер енгізіп, мегаполисті қала маңындағы елді мекендер мен Алатау қаласын қамтитын ірі агломерацияның орталығы ретінде қарастырып отыр. 2040 жылға қарай қала халқының саны 3,6 миллион адамға дейін өсуі мүмкін. Метрополитенді кеңейту, LRT желісін, "Алматы-3" жаңа теміржол вокзалын және қалаға кіреберістерде көлік хабтарын салу жоспарланған. Сонымен қатар, бірқатар жобаны іске асыру үшін Алматының тау бөктеріндегі 264 жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою көзделуде.
Бұған дейін Kazakhstan Today агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында экобелсенді Салтанат Тәшімова Алматының Бас жоспарына түзетулер енгізу кезінде қала тұрғындарының емес, инвесторлар мен құрылыс салушылардың мүдделері басымдыққа ие болып отырғанын мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ бұған дейін Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына беруге болатын бос жер учаскелері қалмағаны хабарланған еді.
Айта кетейік, соңғы 15 жылда Алматы қаласының аумағы едәуір кеңейді. 2011 жылы Президент Жарлығымен мегаполис құрамына Алматы облысының Іле, Қарасай және Талғар аудандарынан 1330,25 гектар жер қосылды. 2012 жылы қала аумағы тағы 11 920,93 гектарға ұлғайды. Соңғы өзгерістер 2014 жылы Наурызбай ауданы құрылған кезде болды. Оның құрамына Бостандық және Әуезов аудандарының бір бөлігі, сондай-ақ Қарасай ауданының аумағы енгізілді.
Қала аумағы кеңейгеннен кейін оның құрамына көптеген саяжай алқаптары қосылды. Алайда олардың көпшілігінің нысаналы мақсаты өзгермей, бау-бақша жүргізуге арналған жер ретінде қалды, яғни бұл учаскелер ресми түрде тұрғын үй құрылысына арналған жер санатына ауыстырылған жоқ. Соның салдарынан қала шегінде саяжай мәртебесіндегі тұрғын аймақтар қалыптасты. Мұндай жер учаскелерінің құны қала мәртебесі бар жерлерге қарағанда төмен болғандықтан, онда тұрақты тұратын тұрғындар арасында түрлі мәселелер туындап отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

