05.01.2007, 13:35 3591

Семей өңіріндегі 25 елді мекенде ауыз су сапасы санитарлық талаптарға сай емес - мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау қызметі

СЕМЕЙ. 5-қаңтар. Kazakhstan Today. Семей өңіріндегі 25 елді мекенде ауыз су сапасы санитарлық-химиялық талаптарға сай емес. Бұл туралы жалпы санитарлық қадағалау бөлімінің бастығы Сіләмхан Базарбаев хабарлады.

"Санитарлық қызметтің ең басты проблемаларының бірі Семей аймағындағы халықты сапалы ауыз сумен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету болып отыр. Бүгінгі күні 25 елді мекен құбырлы және қазба құдық суын пайдалануда, ондағы зиянды заттар жалпы микробтар саны мен іш ауруларын қоздырғыш бактериялардың саны бойынша нормативтік корсеткіштерден бірнеше есе артық",- деді С. Базарбаев.

Оның сөзіне сүйенсек, ең сын көтермейтін ахуал Знаменка ауылында қалыптасқан. "Бұл жерде құрамындағы нитрат мөлшеріне қарай талапқа толық сәйкессіздік байқалуда. Нитрат мөлшері шектеулі шамадан 1,2- 2,2 шекті-мүмкін концентрацияға (ШМК) дейін артып кеткен. Сынамалардың 53 процентінде құрғақ қалдық көрсеткіші 1,3- 3,9 ШМК құраған. Ал хлоридтер мен сульфаттар мөлшері сынамалардың 46%-інде нормативтен 1,5 - 2,2 есе артық болып шыққан", - деп түсіндірді С. Базарбаев. Мұндай көрініс Достық ауылында да байқалады.

"Шульбинск ауылындағы су құбырынан да стандартқа сай келмейтін сынамалар алынған. Мұндағы ұңғылар су қоймасының жағалауындағы төкпе топырақта қазылған және ондағы су Ертіске құятын көздерден алынады. Ұңғы суындағы темір мен марганец мөлшері шектеулі концентрациядан 2-4 есе артық. Сол себепті су құбырынан қара қошқыл түсті лай су ағады", - деді С. Базарбаев.

Ауыз судың ластануына су құбырлары жүйесінің тозуы, аумақтың санитарлық ахуалының сын көтермейтіндігі мен су құбырлары жүйесін пайдалануда нақты басқарудың болмауы басты себеп, дейді эпидемиологтар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны