06.12.2006, 16:42 3122

Семей өңірінің медицина мекемелерінде өткен тексерулер барысында ешқандай заң бұзушылықтар анықталмады - прокуратура

СЕМЕЙ. 6 желтоқсан. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетінің тарауына байланысты Семейдің барлық емдеу мекемелерінде тексеру жүргізілді, бірақ айтарлықтай заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Бұл жөнінде Семей қаласының прокуроры Игорь Ковалев хабарлады.

"Біз айтарлықтай заң бұзушылықтарды таппадық. Бірақ ұсақ ескертулер бар : кей мекемелерде қан сақтау ережелері толығымен орындалмаған,енді бірінде кәсіби маманданған медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі бар",-деді И.Ковалев.

Барлық заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық шаралар қолданылып , ескертулер жасалды. "Бізге осы салада барлық заң бұзушылықтар жойылып, тәртіп орнатылды деген жауаптар да келіп жатыр",-деді прокурор.

И.Ковалев тексерудің қазан айында басталғанын айтады. "Қанмен жұмыс істейтін барлық денсаулық сақтау мекемелері тексеруден өтті",-дейді ол. Атап айтқанда, қанның сақталуы , өңделуі, донорларды тексеру тәртібі, қызметкерлердің кәсіби сәйкестігі тексерілген.

Сонымен қатар, прокуратура ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп Семейге келіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын жіті бақылап отыр. "Бізге осы аймақтан кімнің, қашан келгені туралы нақты ақпарат күн сайын келіп түседі. Біз өз тарапымыздан дәрігерлерді тартып, мигранттарды тексеруден өткіземіз. Бізде жеке ақпарат базасы қалыптасуда",-деп атап өтті И.Ковалев.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осыдан екі ай бұрын Семей аймағына Шымкентте ВИЧ індетіне шалдыққан емшектегі сәби әкелінген. И.Ковалевтың айтуына қарағанда, "басқа мұндай дерек тіркелген жоқ".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны