21.08.2006, 16:03 3135

Семейде беталды ашылған шағын базарлар жабылуда

СЕМЕЙ. 21-тамыз. Kazakhstan Today. Семей қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары құқық қорғау мекемелерімен бірлесіп қала аумағындағы беталды ашылған шағын базарларды жоюға бағытталған рейд өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Рұқсат берілмеген сауда жаймаларын жою шаралары орталық базар мен автобекет маңындағы көшелерде жүргізілді",- деп хабарлайды Семей қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Бағлан Шегедеков. "Мәселен, Аймауытов көшесінде сауда сататындардың басым бөлігінде рұқсатнама құжаттары жоқ. Бұл жерлерде киім-кешек және шаруашылық бұйымдарымен бірге азық-түлік те сатылады",- деді ол.

8 сағатқа созылған рейд барысында 40 ескерту беріліп, 10 әкімшілік айыппұл салынды.

Б.Шегедековтың пайымдауынша, осындай заңсыз жаймалардың ашылуына бірінші кезекте дүкендер мен дәріханалардың қожайындары кінәлі. "Олар өздеріне қарасты ғимараттардың жанында сауда-саттық жүргізуге рұқсат береді. Ал тәртіп бойынша бес метрлік санитарлық аймақ болуға тиіс, бұл жерлерде сауда сатуға тыйым салынады",- деді маман.

Санитарлық дәрігерлер тәртіп сақшыларымен бірлесіп осындай рейдтерді апта сайын өткізіп тұрмақшы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны