11.10.2007, 16:13 3292

Семейде ВИЧ індетін жұқтырғандар саны жыл басынан бері 2,6 есе ұлғайған

Семейде ВИЧ індетін жұқтырғандар саны жыл басынан бері 2,6 есе ұлғайған.

Семей. 11-қазан. "Қазақстан Бүгін" - Семейде қаласында 2007 жылдың алғашқы 9 айында өткен жылдың осындай мезгілімен салыстырғанда ВИЧ індетін жұқтырғандар саны 2,6 есе өсті. Бұл жөнінде қалалық СПИД-пен күрес және профилактикалық орталығының эпидемиология бөлімінің меңгерушісінің міндетін атқарушы Жанар Тұрарова хабарлады.

Оның ақпаратына сүйенсек, 2007 жылдың 9 айында қала бойынша ВИЧ індетін жұқтырған 47 адам тіркелген. Ал өткен жылдың осындай кезеңінде олардың саны 18 болатын. Жалпы қала бойынша бүгінгі күні ВИЧ індетін жұқтырған 114 адам тіркелген. "Оның негізгі 80 пайыз таралу жолы бұрынғыдай есірткіні егіп пайдалану күйінде қалып отыр. Екінші орында жыныстық жолмен жұғу. Ауруға душар болғандардың негізгі бөлігі, яғни, ВИЧ індетін жұқтырушылардың жалпы санының 73 пайызы 20 мен 49 жас аралығындағы адамдарға тиесілі", - деді Ж. Тұрарова.

Ол сондай-ақ, соңғы кездері ауруға ұшырауы мүмкін топтың қатарына екіқабат әйелдер де кіргенін атап өтті. "Қазақстан бойынша жыл басынан бері 620 жүкті әйел ВИЧ індетіне душар болды. Ал Семей қаласы бойынша тек осы жылдың өзінде ВИЧ індетін жұқтырған екі жүкті әйел анықталды. Олардың біреуі босанды. Баласы әзірге сау және тіркеуде тұр. Тек бір жасқа толған кезде ғана тіркеуден шығады. Ал екінші әйелдің отбасы жүктілікті тоқтатуды жөн деп тапты", - деп хабарлады Ж. Тұрарова.

Ол сондай-ақ, бір жыл бұрын Семейге әкелінген ВИЧ індетін Шымкентте жұқтырған бала туралы да әңгімелеп берді. "Бала тіркеуде тұр. Оның да диагозы жоғарыдағыдай - бірінші клиникалық кезең. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Алайда ол, вирустық инфекциялармен жиі ауыруда", - деді Ж. Тұрарова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны