02.03.2007, 18:37 3768

Семейде жыл басынан бері өндірісте 15 қайғылы оқиға тіркеліп, екі адам мерт болған

СЕМЕЙ. 2-наурыз. Kazakhstan Today. Семейде 2007 жылдың басынан бері өндірісте 15 қайғылы оқиға болып, екі адам мерт болған. Бұл туралы журналистерге Семей қаласы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары бөлімінің бастығы Мұрат Түсіпжанов хабарлады.

Оның ақпараттарына сүйенсек, ағымдағы жылы "Балапан көлігі" ЖШС-да қайғылы оқиға болып, соның салдарынан екі адам мерт болған. Сондай-ақ, "Шығысавтокомплект", "Семнан" ЖШС, "Еңбек-Семей" РМК және "Саланг" күзет агенттігінде де ауыр зардаптар әкелген оқыс оқиғалар болған. Жыл басынан бері жұмыс орнындағы қайғылы оқиғалардың салдарынан 15 адам жарақат алған.

М. Түсіпжановтың сөздеріне сүйенсек, жарақат алудың негізгі себебі жұмыс орнындағы еңбекті қорғау және жұмыс істеу жағдайына қойылатын мекемелік бақылаудың болмауы, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігіне үйретілмеуі, еңбек және өндірістік тәртіптерді бұзу, жұмыс берушілер мен өндірісті ұйымдастырушылар тарапынан қауіпсіз еңбек ету жағдайларын жасамау болып табылады.

Ол, сондай-ақ, 2007 жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекциясы Семейдің 60 кәсіпорнын тексергендігін хабарлады. Тексеру нәтижесінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекпен қамтамасыз ету жөніндегі заңнаманың бұзылуына қатысты 554 дерек анықталған. 21 лауазымды тұлғаға жалпы көлемі 216 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

М. Түсіпжанның хабарлауынша, 2006 жылдың қорытындысы бойынша Семейдегі өндірістерде 81 қайғылы оқиға тіркеліп, 6 адам мерт болған, 8 жұмысшы ауыр жарақат алған. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі құрылыс саласына, шағын кәсіпкерлік кәсіпорындары мен ауылшаруашылығы салаларына тиесілі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны