09.04.2007, 18:30 3149

Семейде жыл басынан бері шағын және орта бизнес нысандарының салық заңын бұзуына қатысты 124 дерек анықталды

СЕМЕЙ. 9 - сәуір. Kazakhstan Today. Семейде жыл басынан бері тексеру барысында шағын және орта бизнес нысандарының салық заңын бұзуына қатысты 124 дерек анықталды. Бұл туралы журналистерге Семей қаласының салық комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев хабарлады.

Оның ақпараттарына сүйенсек, 2007 жылдың басынан бері салық органдары 224 тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде тексерілген нысандардың жартысынан астамының басшылары көптеген заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды.

"Бизнесімендер салық заңын бұзуға 51 пайыз жағдайда пайдакүнемдікпен барады. Мысалы, бірнеше азық-түлік дүкендері шындыққа жатпайтын төмен кіріс көрсеткен - тоқсанына небәрі 100 мың теңге ғана. Біз осы дүкендерді мұқият тексере отырып, олардың нақты кірісінің айына 170 мың теңгені құрайтындығын анықтадық",- деді А. Теңгебаев. Осы тектес заң бұзушылықтарға жолаушылар автобустарының жүргізушілері де барған. Олар салық комитетіне тоқсанына 60 мың теңге көлемінде кіріс кіретіндігі туралы мәлімет берген, ал тексеру барысында олардың айлық кірістері 160 мың теңге екені белгілі болған.

Сонымен қатар, А. Теңгебаев, көптеген кәсіпкерлердің өз нысандарында жұмыс істейтіндердің санын жасыратындағын хабарлады. "Берілген мәліметтер бойынша оларда тек бір ғана жалдамалы жұмысшы жұмыс істейді, ал тексеру барысында олардың саны оншақты екендіктері белгілі болады",- деп түсіндірді. Сонымен қатар, касса аппараттарының болмауы немесе чек бермеу сияқты заң бұзушылықтар да жиі кездеседі.

Барлық заң бұзушыларға айыппұл түрінде әкімшілік шара қолданылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны