04.05.2020, 12:41 5194

Сенат көші-қон процестерін реттеу бойынша заң қабылдады

Заңды іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға алып келмейді.

Алматы. 4 мамыр. Kazakhstan Today - ҚР Парламенті Сенатының депутаттары пленарлық отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда қарап, қабылдады.

Заңнамаға енгізілген түзетулерді халық қалаулыларына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов таныстырды. Ол өз сөзінде бұл құжат Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленгенін, сондай-ақ 3 кодекс пен 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратынын атап өтті.

Заңның міндеттері көші-қон заңнамасын: Қазақстанға келген этникалық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау; ел экономикасының қажеттіліктерін қанағаттандыруға, қолайлы инвестициялық климат құруға бағытталған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін құру; көші-қон процестерін реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны халықаралық озық тәжірибені ескере отырып кеңейту және заңсыз көші-қонның алдын алу.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растауға тиіс. Іс жүзінде 1991 жылдан кейін дүниеге келген этникалық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты этникалық қазақтың бұрын ҚР азаматы болмағандығы басты критерий болады", - деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, оралмандардың тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығын алуға бір мезгілде құжаттар беру құқығы заң жүзінде қарастырылатын болады.

Қоныс аударушыларды орналастыру, жұмыспен қамту және бейімдеу жөніндегі әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну мақсатында оралмандарға ғана емес, қоныс аударушыларға да бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету жөніндегі орталықтардың функциялары кеңейтілетін болады.

"Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі - ШЖК) тартуға арналған рұқсаттардың қолданысын басқа әкімшілік-аумақтық бірліктерге тарату қарастырылған. Бұл жағдайда жұмыс беруші рұқсатта көрсетілген әр өңірдің бюджетіне салық төлеуі керек, сонымен қатар тиісті өңірлерде жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету туралы шарт болуы керек", - деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің еңбекші иммигранттарды заңсыз қызметке тарту фактілерінің көбеюіне байланысты еңбекші иммигранттар ШЖК тартудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес "маусымдық жұмыскерлерге" теңестіріледі, бұл ретте ай сайын 8 АЕК салық төлеу қажет болады. Сонымен қатар, "маусымдық жұмыскерлерді" жұмысқа қабылдауға болатын мамандықтардың тізбесі анықталады.

Көші-қон процестері саласындағы құқықтық базаны кеңейту және заңсыз көші-қонның жолын кесу мақсатында төмендегілер қарастырылған.

Біріншіден, шетелдіктер үшін тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бажды енгізу.

Екіншіден, реадмиссия жөніндегі халықаралық ережелерді ұлттық заңнамаға имплементациялау.

Үшіншіден, атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар тұлғалардың басқа елге тұрақты тұруға кетуі бойынша шектеулерді көздейтін толықтырулар енгізу.

Төртіншіден, ҚР азаматтығын ресімдеу тәртібін оңайлату үшін Қазақстан аумағында 1 жыл ішінде 183 күннен аз уақыт тұру және әкімшілік бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатын (этникалық қазақтар, азаматтығы жоқ адамдар, 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорты бар адамдар, сондай-ақ тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы конвенция қолданылатын әйелдер) анықталатын болады.

Заңды іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға алып келмейді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны