23.09.2021, 20:14 13569

Сенат мүгедек адамдарға арналған жаңа жәрдемақыны бекітті

Мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады.
НҰР-СҰЛТАН. 23 ҚЫРКҮЙЕК - ҚР Парламенті Сенатының депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды пленарлық отырыста екінші оқылымда қарап, оны қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Аталған заң мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, еңбек ардагерлерін және өзге де санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді", - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінде.

 
Құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған.
 
Ведомствоның ақпараты бойынша, қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Заңды қабылдау нәтижесінде бөгде адамның күтіміне мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады.
 

Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Еңбек министрлігінде.

 
Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады. 
 
Сондай-ақ, Заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
 

Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады.Сондай-ақ, ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін құрайды)", - деді баспасөз қызметінде.

 
Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ) және қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір жаңашылдығы болып табылады.
 

Қазіргі уақытта жұмыс беруші – жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Бұл ретте мүгедектігі бар азаматтар кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылған (әрекетсіздік) кезеңде немесе 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде ОТҚ алу мүмкіндігінен айырылады. Осы кезеңде өндірісте мүгедектік алған адам оңалтудың техникалық құралдарынсыз қалады", - деп түсіндірді ЕХӘҚМ.

 
Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді.
 
Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін олардың тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.
 
Іс жүзінде мұндай отбасылар 10 жылға дейін уақыт тұрғын үй кезегінде тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда.
 
Бұдан басқа, Заңда мүгедектігі бар балаға күтім жасау кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.
 
Сондай-ақ, табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама беруді Әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыру қарастырылған.
 
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді.
 
Заңды қабылдау халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсер етеді және шамамен 400 мың қазақстандықтың құқықтарын жақсартуға мүмкіндік береді.
 
Заң 55 млрд теңге сомасына қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етілді. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылатын болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны