ШҚО-да өткен құсбегіліктен Азия кубогына 10 елден 228 қатысушы жиналды
"Шығыс Салбұрыны - 2026" Азия кубогында Қазақстан, Ресей, Венгрия, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан келген 228 қатысушы үздік атану үшін бақ сынасуда, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Жарыстың басты кейіпкерлері тек адамдар ғана емес, олардың қанатты серіктері болып табылады. Бүркіттер, сұңқарлар және басқа да қыран құстар ұзақ әрі тыңғылықты дайындықтың нәтижесін көрсетсе, олардың иелері өз шеберлігін, төзімділігін және жыртқыш құстарды басқару қабілетін паш етуде.
Бүгін құсбегіліктен іріктеу және жартылай финалдық жарыстар өтіп жатыр. Ал ертең, 10 қазанда "Бүркіттөбе" алаңында Азия кубогы үшін шешуші бәсеке өтеді деп күтілуде.
Қыран құстардың ұшуы ауқымды спорт мерекесінің бір бөлігі ғана болмақ. Көрермендерді қызықты әрі мазмұнды бағдарлама күтіп тұр. Қазақтың аңшы иттері - тазылар мың метрлік қашықтықта жүйріктігін сынайды. Шабандоздар асау жылқыларды үйрету шеберлігін көрсетсе, садақшылар жамбы нысанасына ату арқылы мергендігін сынайды. Ептілік пен атқа міну шеберлігі маңызды рөл атқаратын теңге ілу, күш сынасатын арқан тартыс пен таяқ тарту, сондай-ақ "Толағай" жарысы да тартысты өтеді деп күтілуде.
Спорттық бағдарламаны қазақстандық өнерпаздардың концерті мен "Сал серілер салбурында" шоу-айтысы толықтырады. Екі күндік турнирдің шарықтау шегі жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болмақ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар және кубоктар табысталады. Республикалық құсбегілік федерациясы алғашқы үш орынға ақшалай сыйлықтар да қарастырған.
"Шығыс Салбұрыны - 2026" Азия кубогы Шығыс Қазақстанды халықаралық деңгейде танытуға, туристерді тартуға және жарқын спорттық іс-шаралар арқылы ұлттық мәдениеттің байлығын көрсетуге тағы бір мүмкіндік болмақ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
