10.12.2007, 11:17 4145

Шар - Өскемен темір жол желісі бойынша қозғалыс басталды

Шар - Өскемен темір жол желісі бойынша қозғалыс басталды

Астана. 10-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Сенбі күні жаңадан салынған Шар станциясы мен Өскемен арасындағы теміржол желісінің рельсі төселуінің аяқталуына байланысты салтанатты рәсім болып өтті. Оған Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов қатысты, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасай отырып.

Көлік және коммуникация министрлігінің ақпаратына сүйенсек, салтанатты шара Екіаша станциясында болып өткен.

Серік Ахметов Шар - Өскемен теміржол бөлігі құрылысының аяқталуымен Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде Қазақстан аумағынан тыс жерге шығуды, тиісінше кедендік және шекаралық бақылаудан екі мәрте өтуді болдырмайтын ұлттық теміржол желісін құру аяқталады. "Жаңа теміржол мемлекетіміздің экономика және көлік саласындағы егемендігін нығайтады, теміржол тасымалының қашықтығын және уақытын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстанның шығыс аймақтарының өнеркәсіп кәсіпорындарының рентабельділігін және мүмкіншілігін жоғарылатуға қосымша алғышарттар пайда болады", - деді министр.

Министрлікте атап көрсеткендей, ендігі жерде аймақаралық және мемлекетаралық көліктік-экономикалық байланыстар оңтайланады, яғни, тасымалдаудың көліктік құрамдас бөлігі азаяды. Сондай-ақ, жаңа теміржол желісінің және станцияларының ашылуына байланысты жаңа жұмыс орындары ашылады, қызметкерлерге жаңа тұрғын үйлер салынады.

"Енді жаңа теміржол бойымен қозғалыс басталады және құрылысты аяқтау мен оны пайдалануға беру жұмыстары жалғасатын болады. Жаңа сызба бойынша жүзеге асырылып жатқан теміржол желісінің құрылысы тиісті мерзімінен алда келеді", - деп толықтырды Көлік және коммуникация министрлігіндегілер.

Жаңа Шар - Өскемен теміржол желісінің жобасы Кенді Алтайдың ірі теміржол торабын (Өскемен, Риддер, Зыряновск) ең қысқа жол арқылы Шар станциясының маңында транзиттік "Түрксіб" магистралімен жалғайды және Шығыс Қазақстаннан Ресей жеріне кірмей, кеден рәсімдерін жасамай, өз теміржол желісіміз арқылы республиканың өзге аймақтарына баруды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, тасымал қашықтығы бұрын қатынап жүрген Локоть станциясы (Ресей Федерациясы) арқылы барғаннан 311 шақырымға қысқарды. Ресейдің 82 шақырым жерінен және қос кедендік тексерістен өту қажеттілігі жоқ.

Жаңа теміржол желісінің пайдалануға берілуі республиканың оңтүстік облыстары арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Иран, Ауғанстан және т.б. мемлекеттерге шығуға тікелей мүмкіншілік беріп отыр. Бұл Қазақстан өнімінің сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуына игі ықпал етпек.

Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен 2006 жылдың 11-сәуірінде бекітілген Қазақстанның 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясының аясында көлік саласында шамамен 30 млрд АҚШ долларына 80 ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны