05.06.2008, 19:00 3266

Шетелдік компаниялардың еңбек заңнамасын бұзуына қатысты жаңа деректер анықталды - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Шетелдік компаниялардың еңбек заңнамасын бұзуына қатысты жаңа деректер анықталды - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Астана. 5 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Шетелдік компаниялардың еңбек заңнамасын бұзуына қатысты жаңа деректер анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев

еңбек қатынастарын реттеу мәселелері жөнінде шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Жалпы алғанда, министрдің айтуынша, ағымдағы ыжлыдң 5 айында 600 тексеру жүргізілген.

"Жекелеген шетелдік компанияларда азаматтардың конституциялық құқықтары толық көлемде сақталмайды, еңбек заңнамасын айтарлықтай көп бұзуға жол беріледі. Тексерулердің нәтижесі бойынша ағымдағы жылдың 5 айының ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтардың еңбек құқықтарын бұзудың 3000 астам фактісін анықтады",- деді министр.

Оның айтуынша, "Қазақстан Республикасы Еңбек кодексін өрескел бұзушылыққа жол берілген. Олардың ішінде - қызметкерлерді жұмыстан заңсыз босату, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимін бұзу, жалақыны, жәрдемақылар мен қызметкерлерге төленуге тиіс зиянды өтеу сомаларын төлеу бойынша ұзақ кешіктірулер және т.б. Жұмыс берушілер жасалған еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарын жиі орындамайды".

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар - жалақы төлудің мерзімдерін сақтамау, бір түрлі жұмыс атқарып жатқан қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің жалақыларының алшақтығы. Мысалы, "Эл Джи Электроникс Алматы Қазақстан" АҚ бөлім басшысы (менеджер) болып жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының жалақысы 84 000 теңгеден 197054 теңгеге дейін бекітілген болса, дәл сондай жоспарлау бөлімінің бастығы лауазымындағы шетелдік қызметкердің айлығы 358800 теңгені құрайды. "Қаражанбасмұнай" АҚ-да шетелдік қызметкерлердің орташа жалақысы қазақстандықтардікінен 2 есе артық",- делінген хабарламада.

"Қызылорда облысының Құмкөл кен орнында вахталық елді-мекеннің тұрғын жайларында тең жағдайда тұруға байланысты жұмысшылардың құқықтары бұзылған. Мысалы, қытайлық жұмысшылар жеке бөлмеде бір-бірден тұрады, оларға барлық тұрмыстық жағдайлар жасалған және ақысыз тамақтанумен қамтамасыз етіледі, ал қазақстандық жұмысшылар үшін жағдай жасалмаған, көлемі 6-8 шаршы метр бөлмелерде 4-6 адамнан тұрады, ақылы негізде тамақтанады".

Министрлік мәліметінше, жұмыс уақытының нормалары да сақталмайды. "Арселор Миттал" шахталарының бәрінде инженерлі-техникалық қызметкерлерге демалыс күндері жұмыс істегендері үшін ақы төленбейді. "Dongil High Vill CO., Ltd" фирмасының Астана қаласындағы филиалында 600-ден астам жұмысшы заңның бекіткен 40 сағатының орнына аптасына 54 сағаттан еңбек етеді.

Тексерулер Шетелдік жұмыс күшін тарту ережесін бұзудың 93 фактісін анықтады. Ресми рұқсатта көрсетілген лауазымға сәйкес келмейтін шетелдік мамандарды тартудың көптеген фактілері орын алған.

2006 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін шетелдік жұмыс берушілер 82 мыңнан астам Қазақстан азаматын жаңа кәсіптерге қайта оқытты. Алайда жергілікті кадрлар 2,2 мың шетелдік маманды ғана ауыстырды. Нәтижесінде жергілікті мамандар жылдан жылға қажетсіз болып қала береді.

Сондай-ақ шетелдік компаниялардағы өндірістік жарақаттану статистикасы да назар аудартады. Осы жылдың 5 айында зардап шеккендердің саны 200 адамды құрады, ал қайтыс болғандардың саны шетелдің қатысуы бар тау-кен өндіру және құрылыс саласында - 44 адам. Бұндай жағдайдың қалаптасуының себептерінің бірі компаниялардың жабдықтарын дер кезінде ауыстырмауында шығар.Мәселен "Арселор Миттал" шахталарының жабдықтарының 70 пайызы 100 % тозған. Ол нормативтік мерзімі 20 жыл 1948-52 жылдарғы жабдықтар.

Елбасының осы жылдың қаңтарында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі Форумда берген тапсырмасына сәйкес, министрлік "Ұжымдыұ шарт жасасыңыз!" акциясын өткізуде. Алайда, шетелдік компаниялар арасында бұл Еңбек кодексінің талабы екеніне қарамастан, ұжымдық шартқа қол қоюдан бас тарту фактілері де бар. Бүгін шетелдік компаниялардың тек 2-3 пайызы ғана ұжымдарымен ұжымдық шарт жасаған.

Осыған сәйкес, Еңбек және ХИҚ министрі кездесуде мынадай ұсыныстар жасады: шетелдің қатысуы бар компаниялар Қазақ елінің еңбек заңнамаларын қатаң ұстануы тиіс; еңбек заңнамаларының сақталуы бойынша тексерулерді кешенді түрде өткізу, оған басқа да тексеруші органдарды, прокуратура және кәсіподақтарды қосып бірігіп өткізу қайта тексеруден аулақ етіп тексерістің сапасын көтеру; кәсіпорындарда еңбек қорғау комитеттерін құру, оған жұмыс берушінің де жұмысшының да өкілдерін қосып бұрынғы қоғамдық еңбек қорғау инспекторлардың тәжірибесін пайдалану; кәсіби қатерлерді басқару жүйесін енгізуді кеңінен пайдалану, бұл тұста министрліктің Еңбек қорғау интститутының жұмысын пайдалану.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны