18.03.2010, 13:50 3211

Шығыс Қазақстан облысында биылғы еріген қардың суы жылдағыдан екі есе көп болмақ

Шығыс Қазақстан облысында биылғы еріген қардың суы жылдағыдан екі есе көп болмақ

Семей. 18 наурыз. Kazakhstan Today - Шығыс Қазақстан облысында биылғы еріген қардың суы жылдағыдан екі есе көп болмақ, бұл 7109 нысанға және 100 мыңнан астам адамға қауіп төндіреді, деп хабарлайды Kazakhstan Today облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, өңір басшысы төтенше жағдайлар жөніндегі штабтың жедел отырысын өткізді. Күн тәртібіндегі басты мәселе - облыстың су басуға қарсы әрекеттерге дайындығы. Ал бұл қауіптің күн санап күшейіп келе жатқаны айқын көрініп тұр.

Айталық, Тарбағатай ауданында күн күрт жылынып, термометр көрсеткіштері + 17 градусқа дейін көтерілді. Бұл сел көшкіндерінің пайда болуына алып келді. Ал Күршім ауданында жағдай керісінше. Мұнда 30 сантиметр, кей жерлерде 60 см қар жауған. Қайсы бір өңірлерде азық-түлік және жанар-жағар май қоры азаюда. Күн райы әуе жолдарымен қатынауға мүмкіндік бере салысымен жер-жерлерге тиісті көмек жөнелтіледі.

Бердібек Сапарбаев аймақтағы әкімдер су басуға қарсы шараларды уақытында ұйымдастыруға жауапты екендіктерін ескертті. Сонымен қатар, ол аудан және қала басшыларына тиісті тапсырмасыз жауапты өңірден тысқары шығуға тыйым салды.

Облыстық деңгейдегі шенеуніктер нақты салаларды үйлестіру жөнінен тапсырма алды. Олар наурыздың 19-21 аралығында аудандарға барып жұмыс істейтін болады.

Ертіс, Бұқтырма, Уба, Үлбі өзендері және 600 астам ұсақ өзендері арналарынан шықса 7109 нысанға және 100 мыңнан астам адамға қауіп төндіреді. Осыған орай, су қоймалары мен арналар үнемі бақылануда. Олардың әрқайсысында мобильді тәулік бойғы бекеттер ұйымдастырылған. Мамандардың ескертуіне сүйенсек, биылғы еріген қардың суы жылдағыдан екі есе көп болмақ.

Осы жағдайдағы маңызды шара - ол тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істеу. Облыс әкімі халықты күнделікті ауа райы болжамы мен жер-жерлердегі төтенше жағдайлар туралы хабардар ету жүйесін ұйымдастыруды тапсырды. Оның ресми сайтында тиісті мазмұндағы "ТЖ қызметтері ескертеді" айдары жұмысын бастады.

Өңір басшысы республикалық және облыстық бюджеттің қаражатына ғана үміт артпай, жергілікті бюджеттердегі резервтер мен бос қаражаттарды пайдалану қажеттігін айтты.

"Өңірдегі жағдай баршамызға қатысты проблема. Сондықтан оны бірлесіп шешу қажет. Ең бастысы - адамдардың зардап шегуіне жол бермеу!", - деді облыс әкімі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны