01.04.2010, 12:39 3035

Шығыс Қазақстан облысында тасқын салдарынан 536 үй тұруға жарамай қалса, 621 үй күрделі жөндеуді талап етеді

Шығыс Қазақстан облысында тасқын салдарынан 536 үй тұруға жарамай қалса, 621 үй күрделі жөндеуді талап етеді

Өскемен. 1 сәуір. Kazakhstan Today - Шығыс Қазақстан облысында тасқын салдарынан 536 үй тұруға жарамай қалса, 621 үй күрделі жөндеуді талап етеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2010 жылғы 17 наурызда күн күрт жылынып, жылы желдің соғуы кесірінен аудандағы қар жамылғысы тез еріп, төтенше жағдай қалыптасты. 19 мыңнан астам адамға қауіп төнді.

Нақтыланған мәліметтер бойынша бүгінгі күнге дейін облыс аумағында 7406 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Олардың 6007-сі өз үйлеріне қайта оралды.

Су қысымынан зардап шеккен аумақтарға 356 техника және 247 адам жұмылдырылды. Өңірде 1157 тұрғын үйді су алды. Олардың 536-сы бұдан былай пайдалануға жарамайтын баспана. Алдын ала есеп бойынша облыста 16679 қой-ешкі, 2475 бас ірі қара мал, 556 бас жылқы өлген.

Елбасының тапсырмасына сәйкес 2010 жылғы 31 наурыз - 1 сәуір аралығында Шығыс Қазақстанда ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев іссапарымен болды. Үкімет басшысының орынбасары биылғы жылдың су басу қаупі бар кезеңдегі өңірдің жағдайымен танысты.

Үкімет басшысының орынбасары ат басын тіреген алғашқы аумақ Зайсан ауданы болмақ. Биыл мұнда қар жылдағыдан бірнеше есе көп жауды. Ал бұл жағдай алаңдатпай қоймайды. Өйткені тауларда су қоймалары бар. Қардың тез еруі кезінде олардың кесірінен қосымша проблемалар туындауы әбден мүмкін. Осыны ескере отырып, Өмірзақ Шөкеев Қаратал, Сартерек, Айнабұлақ, Кеңсай, Қарабұлақ ауылдарының су басу қаупі бар учаскелерін, Үйдене су бөгетін және Кендірлік су қоймасын аралайды. Сондай-ақ, ол судан зардап шеккен Тасбастау ауылына барады. Мұнда нөпір судан 100 үйді су алды, олардың - 34 жөндеуге келмейді. Көшірілген 184 тұрғын ауылдың мектеп ғимартына және туған-туыстарының үйлеріне орналастырылды. Аталмыш өңірге азық-түлік және қажетті заттар түрінде 9 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Зардап шеккен тұрғындарды тамақтандыру, медициналық көмек және заттай қамтамасыз ету ұйымдастырылды.

Құтқару жұмыстары кезінде ТЖМ жедел тобы мен Павлодар, Екібастұз, Өскемен қалаларындағы құтқару бөлімшелері жұмылдырылды. Өлген малды заласыздандыру жұмыстары да атқарылды. Аудандық комиссия су басқан аумақты тексерді.

Облыс аудандары арасында Тарбағатай өңірі су тасқынынан анағұрлым көп зардап шекті. Ө. Шөкеев мұндағы Көкжыра, Жантікей ауылдарын аралап, Ақсуат ауылына көшірілген халықпен кездесті.

Тарбағатай ауданындағы барлық өзендер таулардан бастау алады. Су деңгейінің көтерілуі наурыз айының соңында, сәуір айының бас кездерінде басталады.

Сондай-ақ, вице-премьер бастаған үкіметтік делегация Үржар ауданында болып қайтты. Аталмыш өңір негізінен жазықты болғанына қарамастан мұндағы су қаупі де аз емес. Айталық, былтыр бірнеше елді мекенді су алған. Ал биылғы жылғы қар көлемі бірнеше есе көп. Ең қауіптісі қардың негізгі бөлігі әлі ерімеген.

Іссапар бағдарламасында Қаракол су қоймасы да бар. Су қоймасының құрылыстары 1986 жылы басталған еді. Алайда қаржыландырудың жоқтығынан жұмыстар тоқтатылған еді. 2009 жылдан бастап алғашқы іске қосу кешені бойынша 132 млн621 үй күр теңгенің жұмыстары жүргізілуде, олар биыл аяқталуы тиіс. Су қоймасының құрылысын аяқтау 2014-2015 жылдарға жоспарланып отыр.

2010 жылы қардың қалыңдығы және күрт ауа температурасының жылынуы салдарынан жақын маңдағы үш ауылға (Таскескен, Қарақол, Шолпан ауылдары) қауіп төнуі мүмкін. Бұларда 5 798 адам тұрады.

Өмірзақ Шөкеев Зырян ауданына да барды. Мұнда еріген қар суының көп болуы мөлшерінен Бұқтырма өзені арнасынан шығып, маңайдағы ауылдарды су басу мүмкін.

Іссапары соңында ол ТЖ жөніндегі облыстық штабтың отырысына қатысып, қорытындылар шығарды.

Қазіргі уақытта үкімет тарапынан облысқа 850 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, мемлекеттік материалдық резервтен 300 млн теңгеден астам соманың тауар -материалдық құндылықтары бөлінді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны