26.03.2010, 18:23 3318

Шығыс Қазақстан облысында тасқынның екінші легі алғашқысынан да ушығатын түрі бар - Божко (толықтырылған)

Шығыс Қазақстан облысында тасқынның екінші легі алғашқысынан да ушығатын түрі бар - Божко (толықтырылған)

Өскемен. 26 наурыз. Kazakhstan Today - Шығыс Қазақстан облысында тасқынның екінші легі алғашқысынан да ушығатын түрі бар. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР ТЖМ Владимир Божко мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, министр Владимир Божко екі күні бойы Шығыс Қазақстандағы су басқан өңірлерді аралады. Ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен және төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен бірге Тарбағатай, Зайсан, Үржар аудандарында болып қайтты.

"Жағдайдың бұдан арғы өршуіне келетін болсақ, ТЖ министрі бұл алғашқы лек, кейінен жағдай тіптен ушығып кетуі мүмкін екенін жасырмады. Күннің күрт жылынуы онсыз да ауыр жағдайды қиындатары сөзсіз. Қардың көп мөлшері мен өзендердің бұзылған арналары үлкен қиындық келтіріп тұр. Тоқтамастан соғып тұрған жел мен борандардың салдарынан арнайы техниканың өзі әрең жүр. Мәселен, облыс орталығынан Тарбағатайға жөнелтілген техника көздеген жеріне 3 тәуліктен кейін әзер жеткен",- деп хабарлайды әкімдіктегілер.

Владимир Божконың айтуынша, зардап шегіп, басқа жерлерге көшірілген адамдардың жағдайын жасау керек. ТЖМ басшысы осы істе облыстық әкімшіліктің жұмысына оң баға берді. Тұрғындардың қажеттіліктері өтелуі тиіс. Осы мақсатта жергілікті бюджеттердің қаражатын пайдалану қажет.

Бердібек Сапарбаев атап көрсеткендей, қазіргі уақытта тұрғындардың шығындарын өтеу үшін арнайы комиссиялар жұмыс істеп, үйлерді тексеріп, өлген мал санын анықтауда. Осы мәліметтердің негізінде әрбір тұрғынның шығындарын өтеу жөнінде шешім қабылданады. Қалған мүлік-заттарды сақтап қалу үшін бос қалған ауылдарда полиция қызметкерлерінің кезекшіліктері және заттарды шығыру жұмыстары ұйымдастырылған.

"Тарбағатай ауданындағы Жантекей және Көкжыра ауылдары қаңырап, бос қалды. Бұл елді мекендердің 4,5 мың тұрғыны көрші ауылдарға көшірілді. Аудан орталығы - Ақсуатта ТЖМ бөлімшелерінің лагері орналасқан. 250 астам құтқарушы су апатынан зардап шеккен ауылдарға жіберілді. Құтқарушылармен бірге күні бойы жергілікті ер адамдар да тыңбай жұмыс істеуде",- деді облыс басшысы.

Жалпы алғанда, Тарбағатай ауданындағы жағдай өте күрделі. 650 үйді су алып, олардың 423 қираған, 1800 бас ірі қара мал, 9200 қой-ешкі, 500 жылқы өлген. Кейбір жерлердегі судың деңгейі 1,5 метрге дейін жетеді. Қазіргі уақытта зардап шеккендерді азық-түліктермен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Жергілікті билік өкілдері ауданның кәсіпкерлерін облыс орталығынан азық-түлік әкелуге ұйымдастырды.

Министр мен әкім ат басын тіреген келесі өңір - Зайсан ауданы. Мұнда еріген қар суы Тасбастау ауылының 90 үйін басты, 36 үй қирады. Ал Зайсанда қаланы еріген қар суы мен селден қорғау үшін арнайы бөгет тұрғызылды.

Сондай-ақ, ТЖМ және Шығыс Қазақстанның басшылары Үржар ауданында болып қайтты. Аталмыш өңір негізінен жазықты болғанына қарамастан мұндағы су қаупі де аз емес. Айталық, былтыр аудан орталығына су келген. Ал биылғы жылғы қар көлемі бірнеше есе көп. Ең қауіптісі қардың негізгі бөлігі әлі ерімеген де. Осыны ескере отырып қазір ауданда арықтар тазаланып, су бұруға арналған арналар жасалуда.

Владимир Божко Егінсу су қоймасын аралап көрді. Аталған су құрылғысы егістік алқаптарды суаруға пайдаланылады. Қазіргі уақытта оның негізгі құрал-жабдықтары мен су тораптарын жөндеу қажет болып тұр. Осы бөгеттегі және Қарақол ауылының тұсындағы дамбыдағы жағдаймен ҚР АШМ Су ресурстары жөніндегі комитетінің жауапты қызметкері айналысатын болады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, еріген қар суының келетін негізгі уақыты - ол сәуір айының орта және аяқ шені. Осыған орай облыс әкімі жергілікті биліктегілерге барлық су қоймаларындағы жағдайды жіті бақылап, ағыстарды, арналарды және шлюздерді тазалау жөнінде тапсырмалар берді.

Іссапар қорытындылары бойынша ұйымдастырылған ТЖ штабының отырысында Бердібек Сапарбаев Абай, Ұлан, Күршім және Тарбағатай аудандары әкімдерінің жұмысын қатты сынға алды. Олар бөгеттерді бекітуді, өзен арналарын тазалауды, өзге де алдын алу шараларын уақытында атқармаған. Аймақ басшысы жақын уақытта аталған қызметкерлерді тиісті жауапқа тартпақ.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шығыс Қазақстан облысында 13 ауылдық округте 36,5 мың адам тұратын 36 елдімекенді су алу қаупі сақталып отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "бүгінгі жағдаймен 13 ауылдық округте 36 660 мың адам тұратын 36 елдімекенді су алу қаупі сақталып отыр. Тасқын болу қаупі үлкен айрықшақауіпті аймақта Қызылжұлдыз, Есім, Қараой, Уан, Ескі сұлутал, Қабанбай елдімекендері мен Тәуке ауылындағы басты жоғары қысымды қуат подстанциясы. Көкжыра, Жантекей, Көктүбек ауылдарын су алу әлі тыйылар емес". Бұл орайда "келтірілген шығынның көлемін анықтау мүмкін болмай отыр", делінген хабарламада.

ТЖМ мәліметінше, жалпы алғанда Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Аягөз, Абай аудандары мен Риддер қаласында 25 наурыздағы сағат 20.00-дегі жағдаймен 1140 үй, 807 шаруашылық жайы мен 50 қыстауды су алды. 428 үй, 479 шаруашылық жайы мен 24 қыстау бүлінді.

Жалпы алғанда Шығыс Қазақстан облысында 7406 адам эвакуацияланды. Өз үйлеріне 2760 адам қайтты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны