06.04.2006, 13:35 3469

Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бестен бір бөлігі ғана су құбырларымен қамтамасыз етілген

ӨСКЕМЕН. 6-сәуір. Kazakhstan Today. Шығыс Қазақстан облысында 826 ауылдың 210-ында су құбырлары бар. Оның ішінде 166 ауылда ғана құбырлар жұмыс істеп тұр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың отырысында құрылыс департаментінің директоры Фима Атмачиди хабарлады.

Оның айтуынша, су құбырымен қамтамасыз етілу көрсеткіші ең төмен аудандар ретінде Көкпекті (7,8%), Күршім (9,8%), Тарбағатай (10,3%), Жарма (10,4%), Аягөз (12,5%) аудандарын атауға болады.

“Тұтастай алғанда қазіргі жағдаймен облыс бойынша су құбырымен жіберілетін сумен қамтамасыз етілу көрсеткіші 73,6 процентті құрайды. Ал республикалық орташа көрсеткіш 77,4 процентке тең. Соның ішінде ауыл тұрғындарының қамтамасыз етілу көрсеткіші 32,3 процентті құрайды”,- деді Ф.Атмачиди.

“Облыстың көптеген аудандары үшін ортақ тауқыметтер ретінде ауылдардағы су құбырлары мен қондырғыларды кәсіби деңгейде пайдалана алмау, арнайы мамандандырылған пайдалану қызметтерінің жоқтығы мен ауыз судың сапасына өндірістік зертханалық зерттеулердің жүргізілмеуін атауға болады”,- дейді департамент директоры.

Құрылыс департаментінің мәліметіне сәйкес, облыстың 583 елді мекенінде құдықтар, бұлақтар мен қоғамдық ұңғылардан шыққан су тұтынылады. Су көздерінің бір бөлігі қоршалып жайластырылмаған, профилактикалық жөндеу және дезифекциялық жұмыстар жүргізілмейді. Бұл жайттар судың сапасына кері әсер етуде, деді маман.

“Облыстағы 12 ауданның 24 ауылында су сапасының осалдығы байқалып отыр. 10 елді мекен тұрғындары тасымалданатын суды тұтынады. Шығыс Қазақстан облысындағы 58 елді мекеннің тұрғындары ашық су қоймаларындағы суды пайдаланады”,- деді Ф.Атмачиди.

“Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы әлі де күрделі күйінде қалып отыр”,- деді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны