26.02.2010, 16:32 3788

Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында қаһарлы қыстан жем-шөптің тапшылығына байланысты малдың жаппай қырылу қаупі туындады

Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында қаһарлы қыстан жем-шөптің тапшылығына байланысты малдың жаппай қырылу қаупі туындады

Шымкент. 26 ақпан. Kazakhstan Today - Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында қаһарлы қыстан жем-шөптің тапшылыға байланысты малдың жаппай қырылу қаупі туындады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, биыл бүкіл елдің, оның ішінде Шығыс Қазақстанның ауа райы ерекше қиын болып тұрғаны белгілі. Термометр көрсеткіштері кейбір өңірлерде - 50 градусқа дейін төмендеген. Ал қардың қалыңдығы өзінше бір тауқымет.

"Қыстың құрсауынан көбірек зардап шеккен аймақтардың қатарына Абай ауданы мен Семей қаласының Абралы ауылдық округын жатқызуға болады.

Кеше облыс әкімі аталмыш өңірлерде болып, қаһарлы қыс жағдайындағы малшылардың жұмысымен, жолдармен, жем-шөп қоры және мал бағу жағдайларымен танысты",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "биылғы қыс талайдың сыбағасын берді. Қара күзде жауын-шашын болды, ал кейінен бірден қар түсіп, жердің бетін тоң мұз басты. Бұдан әрі жағдай бұдан да қиындап, тоқтамастан, боратып кар жауа бастады. Мұндайда малдың тебіндеуі мүмкін емес. Өйткені қой тұрмақ, жылқы малы қарды бұзам деп тұяғын қан қылып жаралап жатыр. Оның үстіне "бірдеңе етіп өткізерміз қысты" деген шаруалар да мал азығын аз дайындаған екен. Нәтижесі жылатпаса, қуантпайын деп тұр. Жем-шөп аз, жануарлар жүдеген, кейбір жерлерде өліп те жатыр".

Тәжірибелі малшы, еңбек ардагері Төлеутай Құрмановтың айтуынша, "мұндай соңғы 40-50 жылда болмаған. Өз басы далаға шығарған жылқыларын көрмегелі бір айдың жүзі болыпты. Жете алмай отыр екен. Жолдың бәрін қар басқан".

Семей қаласының Абралы өңірінің жағдай да осыған ұқсас. "Мұндағы қардың қатып қалғаны соншалық ат мінген ер адамның салмағын оңай көтереді екен.

Тағы бір өзекті мәселе - ол жолдарды тазалау. Кейбір жерлерде қардың қалыңдығы екі метрге жетеді. Мұндай қалың қабатты К-700 сияқты қуатты трактордың өзі әзер тазалайды",- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, дегенмен, облыс әкімі жариялаған акцияның арқасында ауылдықтар қиын жағдайда жалғыз қалмады, тиісті көмек алды. Айталық, Абай ауданына Өскеменнен, Семейден, Курчатовтан, Глубокое, Аягөз, Шемонайха, Ұлан аудандарынан 150 тонна жем, сондай-ақ, азық-түлік, көмір жеткізілді. Сондай-ақ, өзге өңірлер техника беріп көмек жасады. Қазір ауданның жолдарын жеті К-700 тракторы тазалау үстінде. Абралы өңіріне де тиісті көмек көрсетіліп отыр.

"Ауыл шаруашылығы саласының мамандары жем-шөп жеткізуге зор шығын жұмсағаннан гөрі қосымша техника арқылы қатқан қарды тазалап, малды тебінге шығару керек дейді. Мұндай технология бұрынырақта пайдаланылған. Жалпы алғанда шамамен 7-8 мың гектар жерді тазалау қажет. Мамандардың пікірінше, бұл қадам жөм-шөппен қамтамасыз ету проблемасын шешуге мүмкіндік берер еді. Қазір тиісті есептеулер жүргізілуде",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бердібек Сапарбаев зардап шеккен өңірлердің тұрғындарымен кездескенде көмек бұдан әрі де келіп тұратынын айтты. "Ең бастысы малдың жаппай қырылуына жол бермеу. Өйткені мал өсіру - аталған аймақтар экономикасының негізі",- деді әкім.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны