06.05.2008, 10:01 2608

Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер форумы алға қойған мәселелерді қарастырудан бас тартты

Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер форумы алға қойған мәселелерді қарастырудан бас тартты

Шымкент. 6 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Қалалық мәслихат депутаттары коммерциялық нысандарды бұзу мәселелерін мәслихат сессиясына шығару туралы кәсіпкерлердің өтінішін қабылдамады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Кеше қалалық әкімдіктің кіші залында кәсіпкерлер форумының Оңтүстік Қазақстан бөлімшесінің өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттарының кездесуі өтті. Кездесуге депутаттар тарапынан әкімдік өкілдері, кәсіпкерлер тарапынан журналистер шақырылды. Алайда, баспасөз құралдарының өкілдерін кездесу жабық режимде өтеді деген желеумен біршама уақыт залға кіргізбеді. Тек кездесуге келген кәсіпкерлер журналистерсіз кездесуге қатысудан бас тартқаннан кейін ғана БАҚ өкілдерінің кіруіне рұқсат етілді.

Кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдарының атынан (кәсіпкерлердің айтуынша, 6 мыңнан астам адам қол қойған) кәсіпкер Роза Тұрғанова депутаттарға қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын өткізіп, қала саябақтары мен қала аумағындағы коммерциялық нысандарды бұзу жағдайын талқылауды ұсынған.

"Оңтүстік Қазақстанның кәсіпкерлер форумы үндеу жолдағанымен қала депутаттары еш жауап бермеді. Сол арада адамдар өз бизнестерінің тағдырына қатты алаңдауда. Себебі, қазір рұқсат құжаттары толығымен бар нысандарды бұзу жөнінде шешім шығарып отыр емес пе? Кәсіпкерлер өз болашақтарына сенімді емес. Бүгін мейрамхана, дәмхана мен дүкендерді алып жатыр. Ал ертең жанармай құю бекеттерін, сауналар мен басқа да нысандарды алмасына кім кепіл? Біз депутаттар осы мәселе бойынша өз ойларын білдірсе деп едік", - деді Р. Тұрғанова.

Оны басқа да кәсіпкерлер қолдады. Қымызхананың иесі көз жанары көрмейтін мүгедек Райхан Дүйсенова билік өздері заңсыз деп тапқан нысандарды ғана бұзу туралы сотқа арыз беруде. Ал сол уақытта шенеуніктерге тиесілі хан сарайындай ғимараттарға ешкім тиіспейді. "Егер бір нәрсеге кінәлі болсақ, онда бөле-жармай, бай-кедей демей барлығын бірдей жазалаңыздар", - деді Р. Дүйсенова.

"Сіз қазір "Нұр Отан" партиясының бөлімшесіне, біздің Форумымызға қанша адам келіп шағымданып жатқанын қараңызшы? Барлығы да жергілікті биліктің іс-әрекетіне наразы. Икімдік, мәслихат дегендер халықпен әңгімелесіп, өз әрекеттерін түсіндіріп, заңмен жүрулері керек қой", - деді сөз алғандардың бірі.

Қалалық мәслихаттың экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрқозы Жаңабаевтың төрағалық етуімен бір топ депутат кәсіпкерлердің барлық айтқандарын тыңдағаннан кейін төраға: "Біз бұл проблеманы сессияға шығара алмаймыз. Өйткені, меншік мәселелері мен нысандарды бұзу бойынша сот істері мәселелері мәслихаттың құзырынан тыс", - деп жауап берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны