21.06.2007, 13:57 1680

Шымкент қаласында облыстық қымыз фестивалі басталды

ШЫМКЕНТ. 21 - маусым. Kazakhstan Today. Шымкентте облыстық "Саба" фестивалі - қымыз жәрмеңкесі өтуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Абай атындағы саябақта ұйымдастырылған фестиваль бағдарламасында қымызды дайындау және оны пайдалану (кім көп ішеді) бойынша жарыстар өткізу қарастырылған. Облыс әкімшілігі бекіткен тәртіпке сәйкес, сусынды дайындағаны үшін бас жүлде жеңіп алған қатысушы құлынды бие алмақ. Қымыз ішушілер сайысынан жеңіп шыққан адам 20 мың теңге жүлде қорына ие болады.

Фестиваль аясында қымыз жасаудан бөлек қатысушылар бұл сусынның "Хан", "Сардар", "Сұлтан", "Түнемел", "Құнан", "Сары", "Саумал" секілді түрлерін дайын күйінде жұртшылық назарына ұсынулары тиіс. Сусынның үздік дәміне бағалы сыйлықтар беріледі.

Сонымен қатар, фестивальда жылқыға арналған құрал-саймандар мен қымыз жасауға қажет ыдыстарды жасау бойынша қолөнер шеберлерінің сайыс жеңімпаздары анықталатын болады.

Сонымен бірге, фестивальда жылқы мен қымыз туралы музыкалық және әдеби шығармалар (жыр) сайысы өтеді және арқау етіп алынған тақырыпқа арналған қылқалам шеберлерінің өнер туындылары қойылады.

Қымыздың облыстық фестивалі алғаш рет өткізіліп отыр. Алайда, оған қымыздың аудандық фестивальдары жол ашқан. Мұндай шаралар 2005 жылы Қазығұрт ауданында, 2006 жылы Түлкібас ауданында өткізілген болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны