19.02.2007, 14:00 2804

Шымкентте сот балаларға ВИЧ індетін жұқтыру ісіне қатысты 16 айыпкерден жауап алды, олардың ешқайсысы өз кінәларын мойындамай отыр

ШЫМКЕНТ. 19-ақпан. Kazakhstan Today. Шымкентте сот балаларға ВИЧ індетін жаппай жұқтыру ісіне қатысты 21 айыпкердің 16-сынан жауап алды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Атап айтқанда, № 1 және № 2 қалалық балалар ауруханасының қызметкерлері мен облыстық балалар ауруханасының бірқатар қызметкерлері сұралды. Облыстық балалар ауруханасының екі бөлім бастығынан, бас дәрігер мен оның орынбасарынан, сонымен қатар осы аурухананың есепшісінен жауап алынады.

Медицина қызметкерлерінің ешқайсысы да өздерінің балаларға ВИЧ індетін жұқтыруға кінәлі екендіктерін мойындамай отыр. Сонымен қатар, тіптен науқас балалардың ата-аналарынан боспалап ақша талап етті деген айып тағылған қызметкерлердің өзі өздерін кінәлі деп санамайды. Қан сатуға қатысы бар деп айыпталған облыстық балалар ауруханасының курьері Халба Асанова тіпті қойылған сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Медицина қызметкерлерінің берген жауаптары бір-біріне өте ұқсас. Олардың барлығы да өздерінің жұмыс бабындағы міндеттерін ескертусіз атқарғандықтарын айтуда. Содай-ақ, олардың барлығы балалардың аталмыш індетті қалай жұқтыруы мүмкін деген сауалға жауап бере алмай мүдіруде. "Мен бұл сауалға жауап бере алмаймын, себебі індетті жұқтыру көзі анықталған жоқ және тергеу де нақты ештеңе айта алмай отыр",- деген стереотипті жауаптар беріліп жатыр.

Жауап алу барысында айыпталушылардың адвокаттары жүргізілген тергеуге қатысты өз ескертпелерін де айтып қалды. Атап айтқанда, адвокат Мусатай Бектасов: "біздің балаларымызға екпе салды, осыдан кейін науқастанып, ауруханаға түстік деген жәбірленушілердің саны да айтарлықтай. Сондықтан да тергеу барысында барлық болжамдар тексерілсін, сараптама жүргізу үшін екпеге қолданылған материалдар тәркіленсін деген өтініштер жасалған. Бірақ, бұл ұсыныстар қабылданбады, сондықтан да тергеу ВИЧ індетін жаппай жұқтыруға не түрткі болғандығын осы уақытқа дейін ашып айта алмай отыр",- деп мәлімдеген.

Қазіргі уақытқа дейін ВИЧ індеті тағы бір баладан табылып, ВИЧ індетін жұқтырған балалардың саны 93 жетіп отыр. Сонымен қатар, аталмыш індетті 13 ана жұқтырған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны