01.02.2016, 20:17 3812

Шымкентте тұтқындалған танымал кәсіпкер Астанаға жеткізілді

Бүкіл Шымкент үшінші күн - Тоқтар Төлешовты тұтқындау шарасын қызу талқылап жатыр. Өӊірге белгілі кәсіпкер, сыра зауытыныӊ директорын ұстау үшін анау-мынау емес Астана мен Алматыдан жүздіӊ үстінде арнайы жасақ сарбаздары шақыртылыпты.

Шымкент. 1 ақпан. Kazakhstan Today - Бүкіл Шымкент үшінші күн - Тоқтар Төлешовты тұтқындау шарасын қызу талқылап жатыр. Өӊірге белгілі кәсіпкер, сыра зауытыныӊ директорын ұстау үшін анау-мынау емес Астана мен Алматыдан жүздіӊ үстінде арнайы жасақ сарбаздары шақыртылыпты. Тәртіп сақшылары тіпті шытырман фильмдегідей көшелерді жауып, бизнесмен отырған қымбат қонақүйді қоршап тастаған. Мәліметтерге қарағанда, Төлешовтан қару-жарақ, есірткі мен діни кітаптар тәркіленген. Дегенмен, елдегі еӊ қалталы азаматтардыӊ бірі қандай күдікке ілінгені әлі айтылмай отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Сенбі күні Шымкент әскери қақтығыс боп жатқан Таяу Шығыс шаһарларына ұқсап кетті. Кей көшелермен жолдар жабылып, бастан аяқ қаруланған арнайы жасақ пен полицейлер қаптады. Жұрт басында лаӊкестік шабуыл деп ойлаған. Сөйтсе, бұл өӊірге белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлошевті ұстау операциясы екен. Бір мезетте қаладағы 5 жұлдызды қонақ үй, сондай-ақ оған тиесілі сыра зауыты мен зәулім сарайы қоршауға алынған. Көп ұзамай бизнесмен 3 серігімен бірге мейманханада құрықталды. Ал, оныӊ жұмыс орны мен үйін тінтіген кезде бірталай қару-жарақ, есірткі мен тыйым салынған діни кітаптар табылыпты. Полицейлер оныӊ баласын да күзетшілермен бірге үйінен алып кеткен, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Мұхадір Қадыров, Т.Төлешовтіӊ көршісі:

- Тағы 2-3 күзетшісін алып кетті. Қолдарын майыстырып алып кетті. Тағы ештеӊе білмейміз. Көшеден әзер өттік.

Тоқтар Төлешов ұстала салысымен жұрт арнайы операция себебін түр-түрлі болжап жатыр. Бірі мейманханада қылмыс әлемініӊ серкелерімен жолығыпты десе, кейбірі мемлекеттік төӊкеріс жасамақшы болған дейді.

Өзініӊ туған күнін ресейлік шоумендерге жүргізтіп, кіл шетелдік дөкейлермен ғана тойлайтын Тоқтар Төлешов туралы қарапайым жұрттыӊ пікірі әрқалай. Оны тек кәсіпкер ғана емес қылмыс әлемініӊ мықты дейтіндер де, өнер жанашыры дейтіндер де бар. 13 баланыӊ әкесі әр ұл-қызыныӊ туған күніне шетелдік әншілерді арнайы шақыртады.

Тіпті "Шымкент Пикчерс" киностудиясын ашып, Голливуд майталмандарымен бірге фильм түсірді. Жалпы Тоқтар Төлешовтіӊ бас сұқпаған саласы кемде-кем. Ол Қазақстанды қойып, Ресей журналистері қауымдастығыныӊ мүшесі атанған. Дінніӊ де жанашыры-мыс. Ал, қолына кісен салынған бойда кәсіпкер бірден Астанадағы абақтыға жеткізілген. Оны қазір Ішкі істер министрлігініӊ қызметкерлері тергеп жатыр.

Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментініӊ директоры:

-Тоқтар Төлешовтіӊ тұрғылықты мекен жайынан бірнеше адамға қатысты жасаған бірқатар алаяқтық қылмыстары үшін іздеуде жүрген Алматы қаласыныӊ тұрғыны 1988 жылғы Калтаков Сергей Викторович қолға түсірді. Тінту шараларын жүргізу кезінде ІІМ қызметкерлері атыс қаруымен есірткі заттарын тәркіледі. Төлешов және Калтаков ҚР 128 бабы бойынша уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Оӊтүстіктегі еӊ беделді кәсіпкерге қандай айып тағылғанын және онымен бірге ұсталған 3 азаматтыӊ жайы туралы Ішкі істер министрлігі тіс жармайды. Изірше бірқатар сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Ендігі кезек Тоқтар Төлешовтіӊ қорғаушыларында. Кәсіпкердіӊ адвокаттары таяу күндері баспасөз конференциясын ұйымдастырамыз деп отыр.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны