03.05.2007, 16:45 2924

Шымкенттегі сот балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру ісі бойынша жәбірленушілерден жауап алуды аяқтады

ШЫМКЕНТ. 3 - мамыр. Kazakhstan Today. Шымкент сотында балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру туралы сот мәжілісінде жәбірленушілерден жауап алу аяқталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгінгі сот отырысында сот процессіне төрағалық етуші Зиядинхан Пірнияз жәбірленушілерден жауап алу аяқталды деп санауға болады, деді. "Біз үш жәбірленушіден жауап алған жоқпыз, - деді ол. - Бір әйелді таппай отырмыз: ол пәтерінен көшіп кеткен және оның қазіргі жүрген жері белгісіз, полицейлердің мәліметтеріне сүйенсек ол маскүнем әйел көрінеді". Ал, сот екінші әйелдің Семейде тұратындығын, оған "жеделхаттың жіберілгендігін, оның келе алмай жатқандығын" хабарлады. "Үшінші әйел Шымкентте тұрады, бірақ осында келуден бас тартып отыр",- деп хабардар етті отырғандарды З. Пірнияз.

Қазіргі уақытта сотта куәгерлерден жауап алу жалғасуда. "Мен қазір жауап алатын куәгерлердің нақты санын айта алмаймын",- деп жауап берді төраға тілшінің қойған сұрағына. Оның айтуынша, іс материалдары бойынша өтіп жатқан куәгерлердің 15-і қалған. "Бірақ екі жақ та қосымша куәгерлер шақыру туралы ұсыныс енгізді",- деп түсіндірді З. Пірнияз.

Бүгін сот облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде мейірбике болып қызмет істейтін куәгердің берген жауабын тыңдады. Ол жұмыс барысында ешқандай заң бұзушылықтардың болмағандығын, құралдарды стерилизациялау нұсқау бойынша жүргізілгендігін, қан құю орталығынан қанды курьердің жеткізіп отырғандығын хабарлады. Ол айыптаушы жақтың жәбірленушілердің не себепті қанды өздері сатып әкелгендіктерін, сондай-ақ қан құю үшін 200 теңге төлегендіктерін айтқандықтары туралы қойған сұрағына білмейтіндігін айтты. "Мұндай болған емес, бізде бәрі тегін",- деп мәлім етті куәгер.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте 19-қаңтардан бері балаларға ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты іс бойынша сот процессі жүруде. Айыпталушылардың саны 21, олардың 18 медицина қызметкерлері. Олардың екеуі - бухгалтер мен курьер - қамауға алынған, қалғандары қаладан шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр. Осы уақыт ішінде барлық айыпталушылар мен жәбірленушілерден толық, ал куәгерлердің жартысынан жауап алынған.

Бүгінгі күнде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 108 бала (олардың сегізі қайтыс болып, біреуін шетелге асырап алып кеткен) және 13 ана анықталған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны