28.05.2015, 16:58 3413

Шоу-бизнес жұлдыздары алматылықтарды автобусқа отыруға үгіттеді

Шоу-бизнес жұлдыздары алматылықтарды қоғамдық көлікпен қатынауға үгіттеді. Бүгін олар қала көшелерін автобуспен жүріп өтті

Астана. 28 Мамыр. Kazakhstan Today - Шоу-бизнес жұлдыздары алматылықтарды қоғамдық көлікпен қатынауға үгіттеді. Бүгін олар қала көшелерін автобуспен жүріп өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Батыста қоғамдық көлікте, метрода кез-келген саланыӊ белгілі тұлғасын кездестіруге болады. Ал бізде ол жұлдыздарға лайық емес сияқты көрінеді. Сондай түсінік қалыптасқан. Мен өзім үнемі метромен қатынаймын. Қоғамдық көлікке арналған қосымша жолақты енгізген соӊ мен тек автобуспен жүретін боламын. Бұл автомобильге арналған жолда сағаттап кептелісте тұрғаннан артық", - деді белгілі шоумен, цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов, деп хабарлайды almaty.gov.kz тілшісі.

"Азиада аруы" Күміс Базарбаева да өзініӊ қоғамдық көлікті таӊдайтынын жеткізді.

"Газбен жүретін жаӊа автобустар, веложолдар, метро, енді қосымша жолақ қала тұрғындары үшін автобуспен қатынаудыӊ басты стимулы болып отыр", - деді К.Базарбаева.

Акцияға KeshYou тобы, әнші Турал қатысты.

Шоу-бизнес өкілдерімен бірге автобуста қалалық қоғамдық көлік басқармасыныӊ басшысы Талғат Ибдірахманов та жүрді.

Осыған дейін Алматыда Абай көшесініӊ бойында Достық даӊғылынан Момышұлы көшесіне дейінгі аралықта қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жасалатыны туралы хабарлап едік.

"Қазір жолды, тұрақ орнын белгілеу сияқты дайындық жұмыстары жасалып жатыр. Осындай жолдар әлемніӊ көптеген елдерінде бар. Бұл автобустыӊ жылдамдығын сағатына 12 шақырымнан 18 шақырымға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Соған сай автобустар мен троллейбустар бекітілген графикке сай қозғалатын болады. Бір-бірін қайталайтын маршруттардыӊ біразы қысқарып, автобустардыӊ жүру уақытыныӊ алшақтығы азайтылады", - деді ол.

Сондай-ақ шенеунік жаӊа жылдан бастап автобустарда қолма-қол есептесу жүйесі жойылатынын жеткізді. Бұл қоғамдық көліктердіӊ жолаушы үшін бәйге ұйымдастыруына, өзара жарысуына қарсы шара болмақ.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны