30.04.2007, 15:24 10810

Щучье-Бурабай шипажай аймағында ойын бизнесіне арналған жер телімдері таяу уақыттарда анықталады

АСТАНА. 30-сәуір. Kazakhstan Today. Щучье-Бурабай шипажай аймағында туристік және ойын бизнесі орталығына арнап жер телімін бөлу мәселесі таяу уақыттарда анықталады. Бұл туралы бүгін өткен селекторлық жиыннан кейін экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Бердібек Сапарбаев журналистерді құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Жер телімін бөлу туралы облыс әкімінің шешімі таяу уақытта, осы немесе келесі аптада қабылданады",- деді Б.Сапарбаев.

Ол сондай-ақ кеңес барысында президент пен үкімет басшысының "Бурабай" арнайы экономикалық аймағын құру мәселесін қарау туралы тапсырмасын жүзеге асыру үшін кейбір нақты жұмыстар атқарылғанын жеткізді. "Қазіргі жағдаймен техника-экономикалық негіздемесі, тұжырымдама мен осы мәселеге қатысты президент жарлығының жобасы жасалып, қазір тиісті министрліктерде дәйектелуде",- деді Б.Сапарбаев.

Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев шипажай аймағын дамыту үшін Степногорск жылу электр орталығының қуатын 380 МВт-қа дейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сонымен бірге "Щучье-Бурабай шипажай аймағында ағызынды суларды биологиялық тазарту мен тазарту құрылғылары кешенін салуға арналған техникалық құжаттама жасалды. Жобаның құны 356 млн теңгені құрайды". "Бурабай ауылын Көкшетаудың ұзындығы 35 шақырымдық өндірістік су құбыры желісіне қосуға арналған 10 мың текше метр таза су қоймасы бар құбыр тармағын тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл жобаны жүзеге асыруға 670 млн теңге қарастырылған, оның 300 млн теңгесі игерілді",- деді әкім.

Сонымен қатар Көкшетау әуежайын жаңалау, Астана-Бурабай тас жолын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұған қоса М.Есенбаевтың айтуынша, "денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп балалар мен ересектерге арналған құрт ауруына қарсы мекемелердің бағытын өзгерту жұмыстары жүргізілуде". "Көшіруге қатысты мәселені біз денсаулық сақтау министрімен талқылай отырып бұл өте күрделі әрі қымбат шаруа болады деген тұжырымға келдік. Сол себепті бағытын өзгерту дұрыс. Бұл ең қолайлы әрі жылдам іске асатын шаруа",- деді ол.

Шипажай аймағын дамыту үшін төрт жер қарастырылған. Ирбіреуінің аумағы 1000 гектарға тең. Үш учаске "Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркі табиғи саябағымен жапсарлас жатыр. Оның аумағының басым бөлігі "Есіл Агро" ЖШС-нің иелігінде. Мәселен, аумағы 1000 гектарлық бір учаскенің 290 гектары "Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркінің, екінші мен үшіншісі - 800 гектарлық аумақтың 50 гектары "Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркінің иелігінде. Бұл аумақтардың бәрі далалық аумақта, Астана-Көкшетау тас жолының маңында, Үлкен және Кіші Чебачье көлдеріне жақын жерде орналасқан. Аумағы 980 гектарды құрайтын төртінші жер телімі "Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркінің иелігінде, Щучье өзенінің жағалауында орналасқан. Бұл аумақта 1 млн түп шырғанақ ағаштары мен бұталары өсіп тұр. Аталмыш учаске құрылыс салуға бекітілген жағдайда оларды қайта отырғызу қажет болмақ. Ал ағцмдағы жылдың наурыз айында өткен үкіметтің көшпелі отырысында ауылшаруашылығы министрлігі жария еткен мәліметтерге сәйкес, бұл ағаштарды қайта отырғызған жағдайда олар тірі қалмайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны