10.02.2021, 17:23 8168

Шымкентте үшінші күн электр станциясы іске қосылды

Станция 45 мыңға жуық тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шымкент. 10 ақпан. Kazakhstan Today - Шымкент қаласындағы Айкөл тұрғын алабында қуаттылығы 20 МВт-ты құрайтын күн электр станциясы жұмысын бастады, деп хабарлайды Kazakhstan Today "Kazakh Invest" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бұл мегаполистегі үшінші күн электр станциясы. Аталған аумақтағы электр станциясы 50 гектар жерді алып жатыр. Жобаға шетелдік инвестор тартылған. Оның жалпы құны – 6,2 млрд. теңгені құрайды. 
 

Жоба 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Станция 45 мыңға жуық тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвестициялық жоба қалалық әкімдігі мен "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ қолдаумен іске асылырған", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

 
Бүгінгі таңда, күн электр станциясымен өндірілген электр қуаты "КЕГОК" АҚ-ның қосалқы станциясы арқылы қалаға таратылуда. 
 
Жалпы Шымкент қаласында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, "Су ресурстары-Маркетинг" кәсіпорнымен Ақбай-Қарасу су жинақтаушы имаратында құны шамамен 230 млн. АҚШ доллары болатын геотермальды сорғы жабдықтары орнатылған. Нәтижесінде кәсіпорынның электр қуатын пайдалану шығыны 5 есеге төмендеген. Сонымен қатар, аталған су жинақтаушы мекемесінде сағатына 200 кВт электр қуатын өндіретін күн электр батарейлері орнатылған. 
 
Бұдан бөлек, кәріз тазалау имаратында сағатына 2 мың киловатт электр қуатын өндіретін кіші су электр стансасы мен газ және электр энергиясын өндіру мақсатында сағатына 400 киловатт электр қуатын өндіретін Биогаз қондырғысы іске қосылған. Нәтижесінде, электр қуатының тұтыну көлемі 88 пайызға төмендеп, шайынды суларды тазалау қуаты тәулігіне 100 мың м3 - 150 мың м3 дейін өсті. Сонымен қатар, бір жылда 67,3 млн. теңге қаражат үнемделген.
 
Естеріңізге сала кетейік, күн электр станциялары Ақмола, Алматы, Қарағанды және басқа да облыстарында іске қосылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны