27.10.2009, 16:48 7325

Сырдария өңірінің Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі алар орны зор - телеарна

Сырдария өңірінің Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі алар орны зор - телеарна

Алматы. 27 қазан. Kazakhstan Today - Сырдария өңірінің Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі алар орны зор,-дейді археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан шетелдік ғалымдар. Жуырда олар зерттеу жұмыстарының нәтижесін саралап, бірлескен конференция өткізді. Ғалымдар Сыр бойында мыңнан аса қала мен сәулетті сарайлардың болғанын айтады. Жүйелі зерттеулер нәтижесінде 555 тарихи ескерткіш қорғауға алынған, деп хабарлайды Kazakhstan Today "Хабар" агенттігіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедовтың айтуынша, ""Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы аясында Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ, Асанас қалаларының орны, Арал теңізінің құрғаған табанынан 2001 жылы табылған Кердері кесенесіне Илкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары зерттеу-барлау жұмыстарын жүргізді".

Орта ғасырдағы Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қаласын ресейлік ғалымдар да зерттеуде. Азия мен Европаны байланыстырған Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен шаһардың қабырғаларында сазға ойылып салынған ою-өрнектер мен табақ кірпіштер сақталған. Бір бөлменің ішінен астық және сұйық тағам құятын 5-6 құмыра және қойтас табылған. Ал, Шірік Рабатта аршылып алынған құмыра және ондағы көне жазулар көптеген тың деректердің бетін ашқан.

ҚР ҰҒА И.Марғұлан атындағы Археология және этнология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Жолдасбек Құрманқұловтың айтуынша, "осы Тұран ойпатының, яғни, Сырдарияның төменгі ағысындағы бірінші мыңжылдықта тұрған халықтардың өте ірі үлкен өркениет ошағы болғандығын көрсетіп отыр. Шетелдіктер қызығушылығын тудыратын нәрсе, мынау өркениеттің анық, айқын іздері. Өйткені, бұл материалдар дүниежүзілік тарих ғылымына енген өркениет ошағының белгісін көрсетті".

Ғалымдар Орта Азия мен Қазақстанның ертедегі өркениеті осы өзен бойында қалыптасқанын айтады. Қазақстандық және Ресей Федерациясының Орынбор өлкесінен келген мамандар конференцияда зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ортаға салды. Бұған дейін көне қалалардың орны, патшалар мен ақсүйектер жерленген қорымдар және қорғандар зерттелген болса, енді қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін анықтауға мән берілетін болады. Қазақстан мен Ресей археологтары мәңгілік мәдени мұраларды зерделеумен қатар, дәріптеуді де бірлесе жалғастыратындарын айтты, делінген сюжетте.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны