05.10.2006, 13:01 3402

Словакия өзінің шипажайларына Оңтүстік Қазақстан облысының ВИЧ індетін жұқтырған балаларын қабылдауға дайын

АСТАНА. 5-қазан. Kazakhstan Today. Словакия өзінің шипажайларына Оңтүстік Қазақстан облысының ВИЧ індетін жұқтырған балаларын қабылдауға дайын. Бұл туралы Словакияның Қазақстан мен Қырғызстандағы елшісі Душан Подгорски еліміздің денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновоймен кездесуде құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Сонымен бірге словакиялық елші өз елінің құрт ауруы, ревматизм және онкологиялық дерттерге шалдыққан қазақстандық балаларды Словакияның дауажай-шипажайларына жіберуге дайын екенін жеткізді.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, министр мен елшінің кездесуі кеше Астанада өтті. Келіссөздер барысында тараптар Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ індетін жұқтырған науқастарға дәрігерлік көмек көрсету мәселелерін жан-жақты талқылады. Естеріңізге салсақ, Словакия Республикасы ВИЧ індетін жұқтырған 25 баланы емдеу және зерттеу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына дәрігерлер тобын жіберуге әзір екенін білдірген. Словакиялық мамандар елімізге 21-қарашада келеді деп күтілуде.

Кездесу барысында тараптар сонымен бірге Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу және диагноз қою жөніндегі нуклеарлық медицина орталығын құру, Словакияда өндірілген дәрілік заттарды сату жөніндегі дистрибьюторлық желіні ұйымдастыру, аталмыш елдің жетекші клиникалары мен орталықтарының негізінде қазақстандық мамандардың кәсіби шеберлігін көтеру мәселелерін талқылады.

Сонымен бірге сәрсенбіде еліміздің денсаулық сақтау министрі еліміздегі Израиль елшісі Ран Ишаймен кездесті. Израиль елшісі де өз елінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ індетін жұқтырған балаларды емдеу бағытындағы бірлескен әрекеттерге дайын екенін жеткізді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны