16.10.2009, 13:23 3030

Сот бұрынғы қоршаған ортаны қорғау вице-министрлерін шартты жаза мерзімдеріне кесті (толықтырылған)

Сот бұрынғы қоршаған ортаны қорғау вице-министрлерін шартты жаза мерзімдеріне кесті (толықтырылған)

Астана. 16 қазан. Kazakhstan Today - Астананың Есіл аудандық сотында бүгін судья Ерлан Тасыров бұрынғы қоршаған ортаны қорғау вице-министрлері Илжан Бралиев пен Зейнолла Сәрсенбаевқа қатысты үкімді жария етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

З. Сәрсенбаев үш жылға бас бостандығынан айыруға шартты, А. Бралиев - екі жылға шартты бас бостандығынан айыруға кесілді. Вице-министрлер сот залында босатылды.

Сондай-ақ, сот "Меркурий плюс" компаниясының өкілі Иділбек Жайылғановты жазаны жалпы тәртіптегі абақтыда өтеумен 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

"Илжан Бралиев ҚР Қылмыстық кодексінің 316-шы бабының 2-тармағында (немқұрайдылық) көрсетілген қылмысты жасаған айыпты деп танылып, осы бапқа сәйкес 2 жылға бас бостандығынан айырып, 2 жыл мерзіммен мемлекеттік органдарда лауазымға тағайындалу құқығынан айырылсын. 63-ші баптың негізінде тағайындалған жаза 2 жыл сынақ мерзімімен шартты деп саналсын. Бралиевке қатысты бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу жөнінде қолхат берумен алмастырлып, сот залында қамаудан босатылсын",- деді Е.Тасыров.

"Зейнолла Сәрсенбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 316-шы бабының 2-тармағында (немқұрайдылық) көрсетілген қылмысты жасаған айыпты деп танылып, осы бапқа сәйкес 3 жылға бас бостандығынан айырып, 3 жыл мерзіммен мемлекеттік органдарда лауазымға тағайындалу құқығынан айырылсын. 63-ші баптың негізінде тағайындалған жаза 3 жыл сынақ мерзімімен шартты деп саналсын. Сәрсенбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы үй қамауынан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат берумен алмастырылсын",- деді Е.Тасыров.

"Иділбек Жайылғанов ҚР Қылмыстық кодексінің 28-ші бабының 5-ші тармағы, 177-шы бабының 3-тармағының "б" тармақшасында көрсетілген қылмыстарды жасаған айыпты деп танылып, осы баптарға сәйкес мүлкін тәркілеумен 6 жылға бас бостандығынан айыруды, және жазаны жалпы тәртіптегі абақтыда өтеуге кесілсін",- деді Е.Тасыров.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Астана қаласының Есіл аудандық сотында 16 маусымда бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовқа және мекеменің екі вице-министрі - Илжан Бралиев пен Зейнолла Сәрсенбаевқа қатысты іс қарала бастады. Сот мәжілістері ашық жүргізілді.

Айыптау материалдары бойынша Нұрлан Ысқақов, И. Бралиев, З. Сәрсенбаев, Т. Савицкая, А. Жайылғанов пен В. Лайсқа қызметтік өкілеттіліктерін пайдаланып бюджет қаржысын жымқыруға түрлі жолдармен қатысты және мемлекеттік сатып алулар кезінде қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану арқылы мемлекетке 1 млрд 172 млн теңге көлемінде шығын келтірді деген айып тағылды.

И. Бралиев пен З. Сәрсембаев аталған қылмыстық іс бойынша өздеріне тағылған айыпты мойындамайтындарын мәлімдеді.

Айыптау қорытындысын оқыған прокурор Бахтияр Ерназаров Мемлекеттік айыптаушы ретінде З. Сәрсембаевты 6 жылға бас бостандығынан айыруды, Бралиевті 3 жыл шартты бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны