14.04.2019, 22:59 12319

Сот саласының ардагері Александр Петрович Торкин 2019 жылғы Ұлы Жеңіс күні өзінің 100 келген көктемін қарсы алып отыр

Ақмола облысының 27 майдангер-судьяларынан бүгін арамызда тек осы жауынгер ғана.

Нұр-Сұлтан. 14 сәуір. Kazakhstan Today - 1919 жылы туған судья-майдангер Торкин Александр Петрович 1956-1962 ж.ж. Ақмола облыстық сотының төрағасы болып қызмет етті.

Тағдыры қызықты оқиғаларға толы, сот саласының ардагері, Александр Петрович Торкин 2019 жылғы Ұлы Жеңіс күні өзінің 100 келген көктемін қарсы алып отыр. Ол кім дейсіздер ғой? Бұл ақсақалды аңыз адам деген атаққа толық сәйкес деуге болады. Ақмола облысының 27 майдангер-судьяларынан бүгін арамызда тек осы жауынгер ғана.

Ақсақалымыз 1919 жылы 29 сәуірде Пенза облысы Каменское ауданының Владыкино селосында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1945 жылдан осы уақытқа дейін, яғни 74 жылдан артық Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

1935-1939 жылдар аралығында - жиырма жасқа толғанша екі арнайы білім алып, ұстаздық жұмыс істеп үлгерген.

Екінші дүниежүзілік соғысқа басынан аяғына дейін қатынасты. 1939 жылдан бастап 1941 жылға дейін Финляндия соғысында қатынасты. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының майданында, Мәскеуден Кенигсбергке дейін майдан жолдарын кешті.

1945 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ КСР Әділет министрлігінің әртүрлі басшылық қызметтерінде, ал 1956-1962 жылдары Ақмола облыстық сотының төрағасы болып қызмет атқарды. Содан кейін, зейнеткерлікке шыққанға дейін "Целинэлектросетьстрой" деген тресттің бастығының орынбасары болған.

74 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең қанқұйған соғыстың дүркіреген оттары соңғы рет күркіреп өткен еді. Алайда, сол бір зұлмат жылдардың жаңғырығы бүгінде майдангерлердің ғана емес, ұрпақтарының да ойы мен жүрегінде сақталып келеді. Әрине, бұл ретте мемлекеттің тиісті органдарының еңбегі зор. Бірақ та, бүгінгі ұрпақтың санасына ерекше әсер ететін және оларды игілікті әрекеттерге бастайтын сол майдангерлердің өздері деп білеміз. Өкінішке орай, олардың қатары бүгінде сиреп барады. Өлең сөзімен айтсақ, арамызда "жарты Еуропа мен жер шарын еңбектеп жүріп өткен" ардагерлердің барына шүкір дейміз. Олар Жеңіс Сарбаздары деген атаққа әбден лайық. Олардың бірі - Александр Петрович Торкин. Ол шынымен де тура мағынада айтқанда, Мәскеу Кремілінің қабырғасынан бастап, Берлиндегі Рейхстаг қабырғасына дейін барды деуге болады.

Александр Петрович тура бір ғасырдан артық уақытты арқалап келеді. Оның өміріндегі оқиғалар, кем дегенде бір кітапқа жүк болар еді деп ойлаймыз. Көріп отырсыздар ғой, ақсақал майдан даласында 6 жылдан астам жүрген. Бұл сирек кездесетін оқиға.

Ұлы Отан соғысы басталғанда А.П.Торкин "ақ финдер науқанына" қатысып, бұған дейін де соғыс алауын бастан кешірген офицер-артилерист еді. 1941 жылғы қанқұйлы соғыста, Александр Петровичтің әскери бөлімі Мәскеу қорғаушыларының қатарына енді. Тағы бір ескеретін жайт, оның әкесі - Петр Дмитриевич Торкин де дәл сол күндері, тағдырдың талабымен Мәскеудің іргесіндегі көрші әскери бөліністердің бірінде болды.

Бұл отты күндері Александр Петрович тағдырының бақытты сәттерін басынан өткерді деуге болатын шығар. Ол 1941 жылы 7 қарашада Қызыл алаңда Ұлы Қазан төңкерісінің 24 жылдығына орай өткен, аты аңызға айналған әскери шеруге қатысты. И.В.Сталиннің сөздерінен шабыт алған А.П.Торкин мен оның қатарластары шеруден кейін бірден қанқұйлы соғысқа жауға деген өшпенділікпен кірісіп кетеді. Мәскеуді жаудан қорғап қалып, кеңес жауынгерлерінің соғыстағы түбегейлі өзгерістермен жеңіске жетеміз деген сенімдері арта түсті. Қарулас жолдастарының көбінен айырылып, бір жарақаттан кейін тағы бір жарақат алып, соғыстың барлық ауыртпашылығын толықтай басынан өткерген Александр Петрович Жеңіс күнін аман-есен қарсы алды. Жеңіс зеңбіректері аспанға атылып, оның бөлімі Кенигсберг қаласын (қазіргі Калининград қаласы) азат етті. Бұл кезде Рейхстагқа жетуге аз қалған еді. Сөйтіп, әкелі-балалы Торкиндер аман-есен отбастарына оралады.

1945 жылдың тамыз айында, яғни әскерден оралғаннан кейін бірнеше аптадан соң А.П.Торкин заңгерлік жұмысқа белсенді кірісіп кетті. 17 жылдан астам уақыт Қазақ КСР Әділет министрлігінде басшылық қызметтерді атқарды, 1956-1962 жылдары Ақмола облыстық сотының төрағасы болып қызмет істеді. Содан кейін зейнеткер болғанша, партия органдарының жолдамасы бойынша "Целинэлектросетьстрой" деген трестің бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

1945 жылы Александр Петрович Зинаида Михайловнаға үйленіп, 2007 жылға дейін, яғни аяулы жары өмірден озғанша, 62 жыл бойы сыйластықта күн кешті. Олар екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, он алты немере, шөбере және немене сүйіп отыр.

А.П.Торкин жауынгерлік ерліктері және еңбектегі жетістіктері үшін мемлекет тарапынан лайықты марапат алды. Ол "Қызыл Жұлдыз", "Ұлы Отан соғысының" І және ІІ дәрежелі ордендерімен, "Мәскеуді қорғағаны үшін", "Ерлігі үшін", "Польшаны азат еткені үшін", "Кенигсбергті алғаны үшін" медальдерімен және Қазақ КСР Әділет министрлігінің құрметті төсбелгілерімен марапатталған. Александр Петрович тағы бір ерекше марапаттың иесі: ол Қазақстан Республикасы Судьялар одағының "Үш би" құрмет белгісін алды. Бұл төсбелгі, сот төрелігін атқарған кезіндегі ерекше жетістіктері, көп жылғы еңбегі, мінсіз қызметі, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқаны үшін үздік судьяларға берілетін жоғары дәрежелі белгі.

Ардагерді шәкірттері және сот жүйесінің басқа да қайраткерлері естерінде сақтап, құрметтейді. Ақмола облыстық сотында сот тарихының мұражайы бар. 2015 жылдың сәуір айында, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай мұражай "Жауынгерлік және еңбек даңқы" атты залмен толықтырылды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің портреттері ілінген стенд төрде ортада орналасқан. Оның ішінде Александр Петровичтің де портреті бар. Ақмола облыстық сотының судьялары оны шын жүректен мерейтойымен құттықтап, оған зор денсаулық, ұзақ өмір және алдағы уақытта да талай-талай Жеңіс күндерін аман-есен қарсы алуына тілектестігін білдіреді.

"ҚР-ның судьялар одағы" Ақмола облысы филиалының

судьялар-ардагерлер кеңесінің төрағасы

Мейрам Ғибәділов

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны