19.04.2010, 18:44 5555

Су тасқынынан зардап шеккен аудандардағы мектеп түлектері үшін ҰБТ тапсыру мерзімі 1-10 маусымнан 19-26 шілдеге шегерілді - БҒМ

Су тасқынынан зардап шеккен аудандардағы мектеп түлектері үшін ҰБТ тапсыру мерзімі 1-10 маусымнан 19-26 шілдеге шегерілді - БҒМ

Астана. 19 сәуір. Kazakhstan Today - Су тасқынынан зардап шеккен аудандардағы мектеп түлектері үшін ҰБТ тапсыру мерзімі 1-10 маусымнан 19-26 шілдеге шегерілді. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Ол республикалық және астаналық БАҚ өкілдеріне табиғи апатты аудандардағы мектеп және кәсіптік-техникалық лицей оқушыларына, студенттерге ҚР БҒМ тарапынан жасалып жатқан көмек туралы мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қызметкерлері және оған бағынысты ұйымдар мен мекемелер су тасқынынан зардап шеккендер Көмек қорына бір күндік жалақыларын аударды.

Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында табиғи апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек (азық-түлік, киім, аяқ киім, бірінші қажетті бұйымдар, оқулықтар, кеңселік тауарлар) ұйымдастырылды.

Су тасқынынан зардап шеккен аудандардағы мектеп түлектері үшін ҰБТ тапсыру мерзімі 1-10 маусымнан 19-26 шілдеге шегерілді. Кешенді тестілеу де қатар ұйымдастырылады. Бұл балалардың психологиялық соққыдан айығып, емтиханға дұрыс әзірленуіне септігін тигізеді.

Жоғары оқу орындарында су астында қалған аудандардан барлығы 604 бала ақылы бөлімде оқиды. Олар жыл соңына дейін оқу және жатақхана ақысынан босатылды, күнделікті түскі ас тегін ұйымдастырылып отыр.

Ақсу ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен 150 оқушы мен оларды алып жүретін 5 мұғалім үшін "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалу мен сауықтыру шаралары ұйымдастырылды.

Кенді Алтайда оқу орындары басшыларымен бірлесіп зардап шеккен аудан жастары үшін оқу ақысына жеңілдік беру мәселесі шешілді. Өскемен және Семей қалаларында оқитын балалардың аты-жөні жазылған тізім жасалды. Мәселен, колледждерде Көктібек, Қоқжыра, Жантыкей ауылдарынан 88 бала оқиды, соның 46-сы ақылы бөлімде. Көмекке аса мұқтаж 24 балаға бірмезгілдік материалдық көмек көрсетілді. Ақылы бөлімде оқитындар биылғы жылғы оқу ақысынан босатылды.

Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Абай, Күршім, Зайсан, Зыряновск, Қатон-Қарағай, Ұлан аудандарында су тасқыны қаупі сейілген жоқ. Бұл жерлердегі оқу орындары - 133.

Тарбағатай ауданында жағдай ушығып тұр. Көкжыра, Көктібек және Жантыкей ауылының жартысын су басып кетті. Ауданда үш мектеп жабылды. Осы ауылдардағы 800 оқушы Сатпаев, Ақсуат және Екпін ауылдарындағы оқу орындарына ауыстырылды.

Көкжыра елдімекеніндегі 518 оқушы келесі ауылдарда оқуларын жалғастыруда: 25 мектеп оқушысы Екпін ауылындағы орта мектепте, 209 оқушы Көкжыра ауылындағы ескі мектеп ғимаратында, 284 оқушы Ақсуат ауылындағы кәсіптік лицей корпустарында оқып жатыр. Жантыкей ауылынан 180 оқушы Екпін ауылындағы орта мектепте (мектеп 834 орындық, оқушылар саны - 360) оқиды.

- Көктібек ауылынан 102 оқушы Сатпаев ауылындағы С.Сейфуллин атындағы мектепке ауыстырылды (Мектеп 834 орындық, оқушылар саны - 139). Зардап шеккен мектептерді бітіретін түлектер саны - 47.

Сәуір айының басынан бастап математика, физика, химия, пәндерінен қиын тапсырмаларды шешуге және ҰБТ-ға дайындық бойынша мектептерге, мұғалімдерге, түлектерге методикалық көмек көрсетілді.

Шығыс Қазақстан облысындағы 20 адамнан тұратын екі топ "Бөбек" сауықтыру орталығына жіберілді. Орталық басшылығымен төтенше жағдайға байланысты квота санын көбейту жөнінде келісім жасалды.

Алматы облысы Қызылағаш ауылындағы (І.Жансүгіров атындағы орта мектеп, Қызылағаш орта мектебі) және Көлтабан, Егінсу ауылдарындағы жалпы білім беретін барлығы төрт мектеп зардап шекті. Осы мектептерде оқитын балалар саны - 530.

Олар Ақсу ауданындағы Сиқымов атындағы мектеп-интернатына, "Қарлығаш" балабақшасына, №12, №21 кәсіптік лицейлерге, Д.Рақышев атындағы Талдықорған облыстық мектеп-интернатына, Талдықорған қаласындағы "Айналайын" балалар үйіне ауыстырылып, дұрыс жағдайда оқуларын жалғастыруда.

Өңірде 11 сынып бітіретін барлығы 44 оқушы бар. Олар да Ұлттық бірыңғай тестілеуді кешенді тестілеумен қатар тапсырады.

Сәуір айының соңына қарай Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы апат салдарының залалын қалпына келтіру жұмыстарына "Жасыл ел" жастар еңбек және студенттік құрылыс жасақтарынан 950 сарбаз атсалыспақ.

Еліміздің Жастар еңбек жасақтарында мұндай тәжірибе бар. 2008 жылы осындай 200 сарбаз Қызылкөпір, Ақдала, Монтайтас ауылдарындағы мектептер мен тұрғын-үйді қалпына келтіруге көмектескен. Оңтүстік Қазақстан облысында болған су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге жәрдемтесті. Студенттік құрылыс жасақтарының 100-ден астам сарбазы Жамбыл облысы Құлан аудан орталығында болған жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғын үй, аурухана, мектеп сияқты әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге қатысқан.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны