28.01.2016, 14:50 4102

Т. Дүйсенова санавиация тікұшағыныӊ құлауы салдарынан қайтыс болған адамдардыӊ туған-туыстарына көӊіл айтты

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова Алматы облысында санавиация тікұшағыныӊ құлауы салдарынан қайтыс болған адамдардыӊ туған-туыстары мен жақындарына көӊіл айтты

Астана. 28 қаӊтар. Kazakhstan Today - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова Алматы облысында санавиация тікұшағыныӊ құлауы салдарынан қайтыс болған адамдардыӊ туған-туыстары мен жақындарына көӊіл айтты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Санавиация тікұшағыныӊ құлауы салдарынан бортында болған 5 адамныӊ: ұшқыш, дәрігер, санавиация фельдшері және 2 айлық сәби мен оныӊ анасыныӊ қайтыс болуына байланысты олардыӊ туыстары мен жақындарына өз атымнан және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұжымыныӊ атынан көӊіл айтамын.

Дәрігердіӊ борышы - адамдарға мейірімділік мен ерекше көӊіл бөлуді, абзал адамгершілікті, қажет болған жағдайда, өзін-өзі құрбан етуді талап етеді. Дәрігер мамандығы өте күрделі. Олар бар өмірін медицинаға арнай отырып, өзгелердіӊ өмірі үшін жауапкершілікті өз мойындарына алады. Меніӊ әріптестерім кішкене пациенттіӊ өмірін сақтап қалу жолында өз өмірлерін сақтай алмады.

Медицина қызметкерлерініӊ еӊбегі - халыққа қызмет етудіӊ ерекше үлгісі. Біздіӊ дәрігерлер өздерініӊ азаматтық және кәсіби борыштарын адал әрі абыроймен атқарды.

Айта кету керек, 2015 жылдыӊ өзінде санавиация бригадалары 2704 медициналық қызмет көрсетіп, 2149 ұшырылым жасады. Республикалық санитарлық авиация орталығыныӊ жұмыс істеу мерзімінде аса білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмектіӊ шұғыл әрі уақытылы көрсетілуі нәтижесінде, мамандарды еліміздіӊ шалғайдағы аудандарына жеткізу, сырқат адамдарды сонымен бірге, ағзаларды әрі қарай трансплантациялау мақсатында тасымалдау арқылы мыӊдаған адамныӊ өмірі сақталды.

Біз өз әріптестерімізді мақтан тұтамыз. Сонымен бірге, қайтыс болған азаматтардыӊ отбасыларымен бірге қатты қайғырамыз. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қаза болған адамдардыӊ туыстарына қажетті барлық көмекті көрсетеді", - деп атап айтты Тамара Дүйсенова.

ҚР ДСИДМ Бас мемлекеттік еӊбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтыӊ басшылығымен өліммен аяқталған топтық қайғылы оқиғаны арнайы мемлекеттік тексеру комиссиясы құрылды. Оқиға болған жерге ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Алексей Цой және Республикалық санитарлық авиация орталықтарыныӊ басшылары барды.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетініӊ ақпараты бойынша, 27 қаӊтарда Астана уақыты бойынша 17.47-де Алматы облыстық ТЖД-ныӊ Бірыӊғай кезекші-диспетчерлік қызметіне 15.45-те Алакөл ауданындағы Үшарал қаласынан Талдықорғанға қарай ауруханаға "Аспан" акционерлік қоғамыныӊ меншігіндегі UP-MD 600-N азаматтық тікұшағыныӊ науқас баланы алып шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Тікұшақ бортында бес адам: 1967 жылғы пилот В. Кондратюк, 1964 жылы туған гематолог-дәрігер Б. Кайсанова, 1993 жылғы фельдшер Г. Хамитова, 1989 жылғы К. Абылкасым, және 2015 жылы туған Б. Абылкасым болған.

Бүгін таӊғы сағат 8.20-да Қапал елді мекеніне бұрылыстан 3 шақырым жердегі сайдан тікұшақтыӊ бөліктері табылды. Бортта болғандардыӊ барлығы қаза тапты. Тікұшақтыӊ апатқа ұшырауына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында қажетті жедел іздеу шаралары жүргізілуде.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қыметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны