22.01.2021, 15:45 13699

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері жарияланды

Нұр-Сұлтан. 22 қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы №24 бұйрығымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану үшін өтініш беруші БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемінің қолжетімді сомасы туралы ақпаратты, оның ішінде БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы өз бетінше алады.

Өтініш беруші ЭЦҚ арқылы немесе уәкілетті оператордың ішкі құжатында белгіленген өзге де электрондық тәсілмен уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады, онда арнайы шот ашуға өтінім береді.

Өтініш беруші арнайы шотты уәкілетті оператордың ішкі құжатында белгіленген өзге тәсілмен аша алады.

Арнайы шот ашылғаннан кейін өтініш беруші "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі)" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 353-1-бабында айқындалған арнайы шоттың нөмірін, пайдалану мақсатын, қолжетімді сомасын, жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілдерін көрсете отырып, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлеміне арналған электрондық өтініштерді толтырады.

Азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін:

1) кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде немесе акт болған кезде көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт жасасу кезінде, сондай-ақ жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда, жеке тұрғын үй салу үшін толық есеп айырысу;

2) ипотекалық қарыз алу, тұрғын үй сатып алу, берешекті өтеу, банктер арқылы ипотеканы қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарна ретінде;

3) тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жер учаскесін сатып ала отырып, тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға арналған ипотека бойынша берешекті алу, қайта қаржыландыру өтеу;

4) ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алу және осындай қаржыландыру бойынша берешекті өтеу;

5) тұрғын үй құрылысы және дағдарысқа қарсы бағдарламалардың шеңберінде сатып алу құқығымен берілген баспананы ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті өтеу үшін пайдалануына рұқсат етіледі.

Құжатта біржолғы зейнетақы төлемдері заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес болған кезде шексіз рет пайдаланылатыны хабарланады.

Заңның 30-бабының 1-тармағында, 31-бабының 1-1-тармағында және (немесе) 32-бабының 1-1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес алушының жұбайы (зайыбы) және (немесе) жақын туыстары атынан өтініш берушіге (- лерге) тиесілі біржолғы зейнетақы төлемдерін осы Қағидалардың 5-тармағында айқындалған мақсаттарға пайдалануына жол беріледі.

Алушы жұбайының (зайыбының) және (немесе) жақын туыстарының атынан өтініш беруші (-лер) берген біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануы үшін тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады, ол олардың ЭЦҚ-мен немесе некені (ерлі-зайыптылықты) немесе туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті оператордың ішкі құжатында белгіленген өзге де электрондық тәсілмен куәландырылады.

Алушының меншігінде тұрғын үйдің болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан және пайдаланудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасы осы Қағидаларда көзделген мақсаттарға жеткіліксіз болған кезде өз қаражатын пайдалануға жол беріледі.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін алушының жұбайынан (зайыбынан), жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдалануға жол берілмейді.

Мынадай жағдайларды қоспағанда, меншіктегі тіркелген жылжымайтын мүлікті біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, 5 (бес) жыл бойы сатуға жол берілмейді:

1) "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кепіл ұстаушының кепілге берген жылжымайтын мүлкін өткізу;

2) жылжымайтын мүлікті сот шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сату.

1) тармақшада көрсетілген жағдайда біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын кепіл ұстаушы 5 (бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті операторда ашылған алушының арнайы шотына қайтаруға тиіс.

Уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын уәкілетті оператор мен БЖЗҚ-ның өзара іс-қимылы туралы тиісті келісімде белгіленген мерзімдерде БЖЗҚ-ға аударады.

Осы тармақта көрсетілген біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып меншікке ресімделген жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару жөніндегі норма өтеу мерзімі 5 жылдан астам қалған және олар бойынша өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үй қарыздарына ғана қолданылады.

Осы тармақтың орындалуын бақылау мақсатында алушы жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемін аудару күніне біржолғы зейнетақы төлемі пайдаланылған жылжымайтын мүлікті өткізуді шектеу туралы міндеттемеге қол қояды, оны ЭЦҚ-мен немесе уәкілетті оператордың ішкі құжатында белгіленген өзге де электрондық тәсілмен куәландырады.

Бұдан басқа, уәкілетті оператор өтініш берушілердің біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған өтініштерін қарау тәртібі мен мерзімдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растау жөніндегі қажетті құжаттардың тізбесін, оларды ұсыну тәсілдерін ішкі құжаттармен бекітеді және осы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

Уәкілетті оператор "Отбасы банк "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы атынан өтініш берушілердің осы қағидалардың 5-тармағында айқындалған мақсаттар бойынша біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған өтініштерін қабылдайды және оларды Отбасы банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарайды.

Отбасы банк өтініш берушінің біржолғы зейнетақы төлеміне арналған өтініші қаралғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-мен жасалған тиісті келісімде белгіленген тәртіппен электрондық хабарлама шеңберінде тіркелген өтініштер туралы мәліметтерді БЖЗҚ-ға жібереді.

БЖЗҚ Отбасы банкінен электрондық хабарлама алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын Отбасы банкке аударады, ол оны өтініш берушінің арнайы шотына есепке алады.

Төлем алуға «Отбасы банк» арқылы жүгінген жағдайда құжаттар 45 жұмыс күні ішінде ұсынылады, ал өтініш екінші деңгейдегі банктер арқылы берілген жағдайда құжаттарды дереу ұсыну қажет. Белгіленген мерзімде растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылуға жатады.

Беру кезінде біржолғы зейнетақы төлемдерді растайтын құжаттар ұсынылған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің арнайы шотынан алушының арнайы шотына аударылады.

Отбасы банк бірыңғай зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсаты бойынша ұсынылған құжаттарды олар берілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде тексереді және бірыңғай зейнетақы төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.

Екінші деңгейдегі банктер атынан уәкілетті операторлар өтініш берушінің біржолғы зейнетақы төлеміне арналған өтініштерін және алушының құжаттарын осы ереженің 5-тармағының 2) тармақшасында айқындалған мақсаттар бойынша қабылдайды және оларды банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарайды.

Банк өтінішті қарағаннан және мақұлдағаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-мен жасалған тиісті келісімде белгіленген тәртіппен электрондық хабарлама шеңберінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біржолғы зейнетақы төлемдеріне тіркелген өтініштер туралы мәліметтерді жібереді.

БЖЗҚ банктен электрондық хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын банкке аударады, ол оны одан әрі біржолғы зейнетақы төлеміне өтініште көрсетілген нысаналы мақсаты бойынша пайдалана отырып, өтініш берушінің арнайы шотына есепке алады.

Беру кезінде біржолғы зейнетақы төлемдері растайтын құжаттар ұсынылған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің арнайы шотынан алушының арнайы шотына аударылады.

Банк біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомалары аударылған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін нысаналы мақсаты бойынша өтініш берушінің (алушының) арнайы шоттарына аударады.

Уәкілетті операторлар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ай сайынғы негізде біржолғы зейнетақы төлемдеріне қабылданған және мақұлданған өтініштер туралы мәліметтерді ұсынады.

БЖЗҚ ай сайынғы негізде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органға біржолғы зейнетақы төлемдеріне қабылданған және мақұлданған өтініштер туралы жиынтық мәліметтерді ұсынады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны