28.06.2006, 15:46 3492

“Табиғат” қозғалысының жетекшісі ұлттық табиғи саябақ аумағына құрылыс салушыларды сотқа беру ниетін мәлім етті

“Табиғат” қозғалысының жетекшісі ұлттық табиғи саябақ аумағына құрылыс салушыларды сотқа беру ниетін мәлім етті

АЛМАТЫ. 28-маусым. Kazakhstan Today. “Табиғат” экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов ұлттық табиғи саябақ аумағына құрылыс салушыларды сотқа беру ниетін мәлім етті. Бұл туралы ол бүгін Kazakhstan Today ақпараттық агенттігінің баспасөз орталығында бұқара өкілдерінің Бутаковка шатқалында құрылыс салу мен тоғайды құртуға қарсылық білдіру мақсатында өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Біз Бутаковка шатқалында қандай негізде жер бөлінетіні туралы және онда қандай нысан салынғалы жатқаны туралы мәселені зерттемекшіміз. Егер көпе-көрнеу заң бұзушылықтар анықталған жағдайда біз жауапты адамдарды сотқа береміз”,- деді М.Елеусізов. Оның айтуынша, қазірдің өзінде Бутаковка шатқалында қайың және емен тоғайын отау арқылы еліміздің бірқатар заңдары бұзылуда. “Бұл жерде айрықша қорғаудағы табиғи аумақтар туралы заң мен Су кодексі бұзылып отыр”,- деді эколог. Атап айтсақ, ол Кіші Алматы өзенінің арнасын өзгерту дерегін алға тартады. “Ол жерде жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде деген сылтаумен құрылыс салуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Құрылыс тіпті басталып та кеткен”,- деді М.Елеусізов. Сонымен бірге ол қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан “Медеу“ табиғи саябағын атады. Ол жалпы аумағы Қаскелең қаласынан басталып, Түрген ауылына дейін созылатын Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағының аумағына енетіні белгілі. “Бұл жайтты мен биліктің өрескел қылығы деп білемін. Бұл тұрғыда табиғат қорғаушы ұйымдар мүлдем салғырттық танытып отыр”, деп атап өткен эколог Бутаковка шатқалының Алматыны оттегімен қамтамасыз етуші басты көздердің бірі екеніне тоқталды.

Өсімдік қорғау институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мағжан Исин Алматыда жасыл желектер санының азая түскенін, болашақта мұның экологиялық апатқа алып келу мүмкіндігін тілге тиек етті. “Осыдан 20 жыл бұрын Алматы бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі жасыл қалалардың алғашқы бестігіне енетін. Мұнда әрбір тұрғынның үлесіне 10-11 шаршы метр жасыл желектен келетін. Алматы сонымен бірге дүниежүзіндегі жасыл желек жамылған қалалардың ондығында болды. Осыдан төрт жыл бұрынғы мәліметке сәйкес, бір тұрғынның үлесіне 6 шаршы метр жасыл желектен келген. Бұл – биліктің ойламсыз әрекеттерінің кесірі”,- деді М.Исин.

Бутаковка шатқалындағы құрылыс жұмыстары туралы мәселеге назар аударған “Азат ықтиярлы адамдар” қоғамдық бірлестігінің бастамашы тобының мүшесі Надежда Рыгалованың хабарлауынша, “дақпырттарға қарағанда, жердің қожайыны – шетел азаматы көрінеді”. Осыған байланысты бұқара өкілдерінің атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, “Бөбек” қорының төрайымы Сара Назарбаеваның атына, табиғат қорғау жөніндегі мекемелерге ұлттық табиғи саябақ аумағында ағаштарды отау мен құрылыс жұмыстарын тоқтатуды сұрап мәлімдеме жолданды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны