13.12.2006, 17:01 3173

Таразда он бір ықшамаудан көгілдір отынсыз қалды

ТАРАЗ. 13-желтоқсан. Kazakhstan Today. Таразда сейсенбі күні құбырлардағы қысымның төмендігіне байланысты қаланың он бір ықшамауданына және бірнеше шеткері аудандардағы үйлерге қызмет көрсететін 13 көгілдір отын тарату бөлімдері газдан ажыратылып қалды деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Орын алған оқиғаға байланысты бүгін төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық комиссияның шұғыл отырысы болды. Онда газ таратушы бөлімдерін газдан ажырату Жамбыл облысына табиғи газ жіберуді шектеу салдарынан болғандығы хабарланды. Облысқа жеткізілетін газ мөлшері 110 мың текше метрден 85-95 мың текше метрге дейін төмендеген. Енді "ҚазТрансГаз дистрибьюшн" компаниясы "қолдан келер қайран жоқтығын" алға тартып, облыс әкімшілігіне сағатына 72 мың текше метр газға дейін шектеу енгізілетіндігін хабарлады.

Тараз газ шаруашылығы басқармасының бастығы бұл жайт Өзбекстаннан әкелінетін газдың шектелуінен туындап отырғанын түсіндірді.

Изірге Тараздағы ықшамаудандар мен шеткері аудандардағы үйлер көгілдір отынсыз отыр. "Бірақ осы тәулек ішінде Тараздағы барлық көп қабатты үйлер газбен қамтамасыз етіледі", - деп сендірді отырыста сөз алған төтенше жағдайлар қалалық қалалық комиссия төрағасы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ертарғын Астаев.

Сонымен қатар, ол "халық пен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік- мәдени тұрмыстық мекемелерді жылумен қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызды нысандар мен коммуналдық нысандар көгілдір отынды қажетті көлемде алатын болады", - деп атап көрсетті.

Тараз қаласында бүгінгі күннен бастап газды шектеулі көлемде тұтынып келген "Қазфосфат" ЖШС, "Қант" АҚ, "БМ" ЖШС секілді ірі кәсіпорындар көгілдір отыннан толық ажыратылады. Оларда резервтегі отынға көшетін мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, 43 шағын бизнес кәсіпорындары уақытша газдан ажыратылады.

Желтоқсан айынан бері облыстың жеті ауданының алтауындағы абоненттер мен кәсіпорындар газдан ажыратылған. Тек Талас ауданындағы Қаратауда ғана көп қабатты үйлер мен жылумен қамтамасыз ету орындарына газ беріліп келеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны