03.07.2015, 15:31 3823

Татарстан астанасы Қазан қаласыныӊ орталық көшелерініӊ біріне Елбасы Н.Назарбаевтыӊ есімі берілді

Бүгін Татарстан астанасы Қазан қаласыныӊ орталық көшелерініӊ біріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ есімі берілді

Астана. 03 Шілде. Kazakhstan Today - Бүгін Татарстан астанасы Қазан қаласыныӊ орталық көшелерініӊ біріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ есімі берілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Осы салтанатты шараға арналған жиын Қазан қаласындағы Достық үйінде өтіп, оған Татарстан президентініӊ міндетін атқарушы Рустам Минниханов, Қазақстанныӊ Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин қатысты, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

"Еӊ бірінші кезекте Татарстан басшылығына, осы бастаманы көтерген қоғамдық ұйымдарға, Қазан билігіне қаланыӊ орталық көшелерініӊ біріне Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаевтыӊ есімін беру бағытындағы қайырымды шаралары үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Қалалар адамдар сияқты ортақ ерекшелікке ие. Олар дүниеге келеді, өмір сүреді, гүлденеді, қартаяды. Бірақ, Қазан әр уақытта да көрікті қала болып қала береді. Мен осыдан біраз бұрын Қазан қаласыныӊ мыӊ жылдығы аталып өтілгенін білемін. Ол барша Еуразия кеӊістігін қамтыған маӊызды мәдени, қоғамдық оқиғаға айналған болатын. Өйткені, Қазан - ерекше қала, әлемдік тарихы бар. Илемдік мәдениетте ерекше орны бар тарихи қала", - деп атап өтті Қазақстан елшісі.

Осы ретте М.Тәжин Еуразия құрылығыныӊ көне әрі беделді қалаларыныӊ бірі Қазанныӊ орталық көшелерініӊ біріне ҚР Президентініӊ есімін беру шын мәнінде ауқымды әрі маӊызды оқиғалардыӊ бірі екендігін баса атап өтті. Сонымен қатар ол таяуда Мәскеу қаласында "ЖАСАМПАЗ. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас" ("СОЗИДАТЕЛЬ. Нурсултан Назарбаев: взгляд из России") атты жаӊа кітаптыӊ тұсаукесері болып өткендігін, онда Ресей Президенті В.Путиннен бастап елуден астам ресейлік мемлекет және қоғам, мәдениет, ғылым қайраткерлері Қазақстан Президенті жайында тұщымды пікір білдіргенін еске салды.

"Біздіӊ салтанатты шарамыз Достық үйінде өтуініӊ нышандық мәні бар. Өйткені, Нұрсұлтан Ибішұлыныӊ ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту, ұлтаралық келісімді сақтау бағытына қосқан зор үлесі БҰҰ, ЮНЕСКО тараптарынан өз бағасын алған болатын. Бүгін біздіӊ халықтарымызды тарихы ортақтастық байланыстыратындығы айтылды. Шындығында да, біздіӊ халықтарымыздыӊ бірнеше ғасырға созылған қарым-қатынасында екі ірі ұлттыӊ, этностыӊ арасында бірде-бір айтарлықтай қарама-қайшылықтыӊ туындамауы тарихи нақты дерек. Осынау бейбітшілік пен келісім дәстүрі Қазақстанда да, Татарстанда да сақталып отыр", - деді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны