26.03.2010, 13:03 3491

Татарстанның жаңа президенті Рустам Миннихановты ұлықтау рәсімі кеше өтті

Татарстанның жаңа президенті Рустам Миннихановты ұлықтау рәсімі кеше өтті

Астана. 26 наурыз. Kazakhstan Today - Татарстанның жаңа президенті Рустам Миннихановты ұлықтау рәсімі кеше өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, салтанатты рәсім С.Сайдашев атындағы Мемлекеттік концерт залында ұйымдастырылды. Республиканың жаңа басшысы татар және орыс тілдерінде ант берді. Осылайша, Татарстан Республикасының президенті тарихта алғаш рет тек қана Татарстанның ғана емес, сонымен бірге Ресейдің Конституциясын сақтауға ант берді.

Осы тарихи оқиғаға орай шақырылған жоғары мәртебелі қонақтар арасында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бастаған қазақстандық делегация да болды. Құттықтау сөз сөйлеген министр Қазақстан мен Татарстанды түркі тілдес бауырлас елдерге тән мәдени қатынастар ғана емес, сонымен бірге ортақ тағдыр, ортақ мүдде мен мақсат біріктіретіндігін атап өтті.

"Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығын соңғы жылдары экономикалық даму, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету көрсеткіштері бойынша қарқынды дамып келе жатқан солтүстік көршілес елдегі ірі аймақ - Татарстансыз елестету мүмкін емес, - деді Ж.Түймебаев. - Сіздің алдыңызда елдің көшбасшысы ретінде көптеген маңызды мәселелерді шешу міндеті тұр. Оның барлығын Татарстан халқы мүддесіне сай шешетініңізге сенімдімін. Жауапты жаңа мемлекеттік қызметіңізде табыстар тілеймін".

Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев салтанатты түрде Татарстанның бұрынғы басшысы Минтемир Шаймиевке ҚР бірінші дәрежелі "Достық" орденін салтанатты түрде тапсырды.

ТМД елдерінің беделді саясаткерлерінің бірін ҚР жоғары мемлекеттік сыйлығымен құттықтаған Қазақстанның білім ведомствосының басшысы бүгінгі Татарстанның әлеуметтік-саяси және экономикалық салалардағы жетістігін көбіне Минтемир Шаймиевтің кәсіпқойлығымен және еңбегімен байланыстырды. Оның ұзақ жылғы тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеті Қазақстан мен Татарстанның достық қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға септеседі.

Еске сала кетейік, Рустам Минниханов ТР екінші президенті. Оған дейін бұл қызметті Минтемир Шаймиев атқарып келді. 4 ақпанда Татарстан Республикасының Мемлекеттік кеңесінің сегізінші отырысында депутаттар ТР президенті ретінде Рустам Миннихановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны