27.02.2007, 18:11 3148

Теміртау соты төрт мектептің директорын лауазымдарына қайта тағайындау туралы шешім шығарды

ТЕМІРТАУ. 13-ақпан. Kazakhstan Today. Теміртау қалалық соты төрт мемлекеттік мектеп директорларын лауазымдарына қайта тағайындау және мәжбүрлі жұмыссыз қалған уақыттағы жалақыларын төлеу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Лауазымдарына қайта тағайындалсын және мәжбүрлі жұмыссыз қалған 2007 жылдың 11-қаңтары мен 2007 жылдың 26-ақпаны аралығындағы жалақылары төленсін",- деді үкімді жария еткен судья.

Қалалық соттың шешімі жарияланған сәттен бастап 15 күн ішінде сот үкімін бұздыру туралы шағым жасауға болады.

Бұрын хабарлағанымыздай, өткен жылдың аяғында прокуратура Теміртау қаласының білім беру жүйесінің мемлекеттік мекемелерінде көптеген заң бұзушылықтарды, соның ішінде сыбайлас жемқорлық деректерін әшкерелеген болатын. Атап айтқанда, мектептердегі алым жинау деректері анықталған. Тек бір ғана лицейде оқушылардың ата-аналарымен жалпы сомасы 10 млн теңгені құрайтын келісім жасалған. Сонымен қатар, кейбір мектеп басшылары өздері басқарып отырған оқу орнына өз атын берген деректер де анықталған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстың тәртіптік кеңесі прокуратураның бес мектеп директорының атына жасаған ұсыныстарын қарастыра отырып, оларға тиісті шара қолдануға кеңес берді. Нәтижесінде төрт директор қызметінен босатылып, бесіншісі өз жұмысын жалғастыруда.

Оқу орнының қызметінен босатылған директорлары мұндай шешіммен келіспей отыр. Олар сотқа өздерін бұрынғы лауазымдарына қайта тағайындауды және де мәжбүрлі жұмыссыз қалған уақыттағы жалақыларын төлеуді талап еткен шағым-арыз берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны