11.07.2016, 20:07 4398

Төлешов ел билігін Қырғызстандағы сценарий бойынша басып алмақ болған

Тоқтар Төлешовке тиесілі қару-жарақ кейбір кедей елдердіӊ армиясында жоқ. Автомат, тапаншаныӊ сан түрі мен гранатадан үлкен қойма жасаған. Бұны азсынса керек, шымкенттік "сыра королі" тікелей өзіне бағынатын әскер де жасақтаған

Астана. 11 шілде. Kazakhstan Today - Ұлттық қауіпсіздік комитеті атышулы шымкенттік "сыра короліне" қатысты бұған дейін құпия болып келген деректерді жариялады. Сөйтсе, Тоқтар Төлешовті елде төӊкеріс жасау жоспарын құруға банк алдындағы 200 миллион доллар қарызы мәжбүрлеген екен. Ол үшін Атырау , Алматы тіпті оӊтүстікте халықты жаппай көшеге алып шығып, жерге қатысты митингіге қатысқандарды арандатпақ болыпты. Ал бүлікті Қырғызстандағы сценарий бойынша іске асырып, алдымен вице-президент кейін тұтас Қазақстанды басқарғысы келген. Бүгін арнайы қызмет тіпті баспасөз мәслихаты кезінде Төлешовке тиесілі қару-жарақты да көрсетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Тоқтар Төлешовке тиесілі қару-жарақ кейбір кедей елдердіӊ армиясында жоқ. Автомат, тапаншаныӊ сан түрі мен гранатадан үлкен қойма жасаған. Бұны азсынса керек, шымкенттік "сыра королі" тікелей өзіне бағынатын әскер де жасақтаған, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Руслан Карасев, ҚР ҰҚК баспасөз қызметініӊ өкілі:

-Төлешовтіӊ қоластында қаруланған және арнайы дайындықтан өткен 90 жауынгер болған. Арнайы бөлімшені заӊды етіп көрсету үшін оларды күзет фирмасы ретінде тіркеген. Шын мәнінде,олар - бастықтарыныӊ тапсырмаларын орындаумен айналысқан.

Төлешов қару-жараққа ғана қызықпаған екен.Саяси беделін көтеру үшін орден, награда мен бірнеше күш құрылымдарыныӊ құжаттарын жаздыртып алған. Қаржы полициясы, Қорғаныс министрлігі тіпті Интерполдыӊ қызметтік формасынан бүтін бір коллекция жасапты. Сөйтіп, өзін табысты бизнесмен ғана емес, қоғам қайраткері, саясаткер ретінде көрсеткен. Өзі аты бар да заты жоқ талай лауазымныӊ иесі. Ал Ресеймен тығыз байланысты орыс-казак ұйымдары арқылы орнатыпты. Мәскеудіӊ тікелей тапсырмасымен ғана жүретін сол қарулы казактарды Шымкентке алдырып, әкесініӊ туған күні сияқты шараларды сылтау етіп, Сайрам ауданында бірнеше рет әскери шеруге дейін өткізген. Бұған аймақтағы әскери бөлімніӊ командирлері көмектесіп, 3 ұшақ пен ауыр техника бөлген. Кейін олардыӊ да Төлешовтіӊ сыбайласы екені анықталды.

Ал ел ішін алатайдай бүлдіру үшін Қырғызстандағы 2005, 2010 жылдардағы яғни Ақаев пен Бакиевті тақтан тайдыру әдісімен танысып, Бішкекке де арнайы сапарлапты. Жаппай тәртіпсіздікті Қазақстанныӊ Батысынан бастап, сондағы наразы топты өз мүддесіне пайдалануды көздеген.

Руслан Карасев, ҚР ҰҚК баспасөз қызметініӊ өкілі:

-Тәртіпсіздік арқылы, Төлешов өзін вице-президент кейін президент қылуды биліктен талап еткісі келген. Кәсіпкер 2015 жылы сенімді өкілдері арқылы Атырау тұрғындарына ірі сомада ақша мен құжаттар жіберткен. Дәл осы адамдар сәуірде Атырауда және мамыр айында Алматыда заӊсыз митингілер ұйымдастырған. Сонымен қатар Төлешовтіӊ көмекшілерініӊ бірі 50 мыӊ долларды өз еркімен тергеуге тапсырды. Бұл қаржы осындай акцияларды ұйымдастыруға кететін шығындарға жұмсалуы тиіс болыпты.

Құрығы ұзын миллионер изоляторда да тыныш жатпапты. Түрме камерасына кіріп сөйлесуге рұқсат алған сенімді өкіліне Оӊтүстік Қазақстан облысыныӊ Сарыағаш қаласында 5 мыӊ адамды көшеге алып шығуға тапсырма берген көрінеді.

Руслан Карасев, ҚР ҰҚК баспасөз қызметініӊ өкілі:

-Сөйтіп, Сарыағаш қаласыныӊ орталық алаӊында шатыр тігіп, адамдарға 100-200 доллардан таратпақ болған. Сонымен қатар Төлешов заӊға түзету енгізу бойынша да бағдарлама әзірлеумен айналысқан. Бұл мәліметтер Төлешовтіӊ көмекшілерініӊ компьютерлерінде және жеке жұмыс бөлмесінде табылды.

Оӊтүстікте отырып, Ақорданы аӊсаған Төлешов сыбайластарымен жиі кездесіп отырған. Ұйымдасқан қылмыстық топтыӊ қатарында 5 жыл бойы Бас прокурордыӊ орынбасары болған Ілияс Бақтыбаев, Оӊтүстік Қазақстан облысыныӊ Ішкі Істер департаментініӊ бұрынғы бастығы Хибратулла Досқалиев те бар. Олигарх билік қолына тисе, оларға жайлы қызмет беретінін айтып сендіріпті.

Руслан Карасев, ҚР ҰҚК баспасөз қызметініӊ өкілі:

-Бақтыбаев пен Досқалиев Төлешовтіӊ билікті күшпен басып алу жоспарларын білген. Оларды толығымен қолдаған. Мемлекетті күштеп алғаннан кейін олар мемлекетте Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотыныӊ төрағасы Бақтыбаев және Досқалиевті Ішкі Істер министрініӊ лауазымына тағайындауды жоспарлаған.

Тергеу материалдарына қарағанда, миллионердіӊ бүлік шығаруға банк пен әлемге танымал қылмыс серкелерініӊ алдындағы 200 миллион доллар берешегі түрткі болыпты. Қарызға белшеден батқан шымкенттік бизнесмен "Братский круг" тобымен тығыз байланыс ұстаған. Яғни, "Дед Хасан", "Жора Ташкентский" секілді лақап аты бар рэкеттермен төӊкерісті бірігіп жүзеге асыруды жоспарлаған екен. Ал Голливуд стилінде қызыныӊ туған күнін дүркіреткен Төлешов өзін жергілікті хандай сезінген. Оныӊ эльфтер короліне ұқсас киімі де бүгін нақты айғақ ретінде көрсетілді.

Сонымен қатар олигарх құрған қылмыстық топ кісі өлтіріп, адам ұрлаумен айналысқан. Тіпті азаптау сәттері Төлешовтіӊ тапсырмасымен видеоға түсіріліпті. Тергеуді аяқтаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұзын саны 25 адамға ресми айып тағып,300-ге жуық куәгердіӊ сөзін том-том іске тіккен. Ал қылмыстық кодекстіӊ 15 бабы бойынша, айыпталған шымкенттік сыра королі енді кемі 15 жылсыз бостандық көрмеуі мүмкін.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны