Төлешов төӊкеріс жасап, ел билігін күшпен басып алмақ болған
Астана. 6 маусым. Kazakhstan Today - Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті атышулы шымкенттік кәсіпкерге осы жымысқы ойын іске асыру үшін көмектеспек болғандардыӊ да ұсталғанын мәлімдеді. Сыбайластар арасында Бас прокурордыӊ бұрынғы бірінші орынбасары, Оӊтүстік Қазақстан облыстыӊ Ішкі істер департаментініӊ экс-бастығы мен бірнеше әскери бөлімніӊ командирлері бар. Қалталы кәсіпкердіӊ ақшасына жер-жерде бүлік ұйымдастырып, билікті қолға алғысы келген осы топ тіпті жер реформасына қатысты наразылықтарды да пайдаланып кетпекші болыпты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.
Жыл басынан бері Астанада қамауда отырған Тоқтар Төлешовтыӊ ісі бүгін жаӊа қарқын алды. Шымкенттік танымал кәсіпкер есірткі сатып, қылмыстық топтарды қаржыландырып қана қоймаған екен. Оныӊ басты мақсаты - алдеқайда жоғары. Елдіӊ түкпір-түкпірінде төӊкеріс жасап, билікті басып алмақшы болыпты, деп хабарлайды ktk-tv.kz тілшісі.
Руслан Қарасаев, ҚР ҰҚК баспасөз қызметініӊ өкілі:
-Билікті күшпен басып алуға дайындық жұмыстарын жүргізгені, ал өткен жылдан бастап нақты белсенді әрекеттер жүргізгені туралы толық мәліметтер алынған. Оныӊ жоспарында, елдегі жағдайды тұрақсыздандыру. Наразылық шараларын және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру.
Еліміздіӊ бірнеше қаласында өткен жер реформасына қатысты қарсылық шараларын да осы Төлешов ұйымдастарған дейді тергеушілер. Яғни, ел ішінде іріткі салып, жұртты билікке қарсы айдап салған. Ал, оныӊ жасырын қоймаларынан түрлі қару-жарақ пен жарылғыш заттарға дейін табылған.
Руслан Қарасаев, ҚР ҰҚК баспасөз қызметініӊ өкілі:
- "Жер реформасы" деп аталатын наразылық шаралары Төлешов мырзамен өткен жылы желтоқсанда дайындалып, онымен қаржыландырылғаны расталды. Аталған наразылық акциялар бұдан да ерте өткізілуі керек еді. Бірақ, Төлешовтыӊ тұтқындалуына байланысты, акция уақыты өзгертілген.
Осы жымысқы ойды іске асыру үшін Төлешов жалғыз әрекет етпепті. Бас прокурордыӊ бұрынғы орынбасары Ілияс Бақтыбаев, ОҚО ішкі істер департаментініӊ бұрынғы басшысы генерал майор Ғибратулла Досқалиев, оныӊ орынбасары Сәкен Айтбеков, №35/848 және №55/652 әскери бөлімдерініӊ командирлері Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев сияқты күш құрылымдарыныӊ лауазымды өкілдерімен ауыз жаласқан. Бұлардыӊ барлығы қазір қамауда. Сыбайластар саны әлі де артуы мүмкін.
Естеріӊізге салсақ, шымкенттік олигарх биыл қаӊтардыӊ 30-да ұсталған болатын. Кейін арнайы жасақпен Елордаға жеткізіліп, ісі қазір құпия тергелуде.
Жалпы Тоқтар Төлешов Шымкенттегі сыра зауытыныӊ иесі ретінде ғана емес, түрлі әрекеттерімен де таныс. Мәселен, әкесініӊ туған күнінде олигарх Ресейден сарбаз алдырып, әскери парад өткізген. Оныӊ үстіне осы Ресейдіӊ құрамына кіруді қалайтын сепаратистерді қолдады деген мәліметтер бар. Голливуд стильінде фильм түсіріп, ұл-қыздарыныӊ туған күніне гонорары миллион доллардан кем емес әнші-әртістерді мұхиттыӊ ар жағынан алдырды.
-Тоқтар Төлешовке қатысты тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз қолына алған. Ал, тергеу аяқталған соӊ қылмыстық іс сотқа жіберіледі. Болжам бойынша ол жабық режимде өтуі мүмкін.