14.06.2007, 15:31 3128

Төрт күндік қорытынды бойынша ҰБТ тапсырушылардың 30 пайызы ең төменгі балл жинай алмаған

АСТАНА. 14 - маусым. Kazakhstan Today. Төрт күндік қорытынды бойынша ҰБТ тапсырушылардың 30 пайызы ең төменгі баллды жинай алмаған. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Бүгінгі күнде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 121 759 түлектің 37 106-сы, яғни 30 пайыздан астамы сыннан өте алмаған", - деп атап өтті министр. Сонымен қатар ол, бүкіл республика бойынша ең жоғарғы 120 баллды тек екі адам ғана жинағандығын хабарлады. "Бұл Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің түлектері",- деп нақтылап өтті Жансейіт Түймебаев.

Министр "барлық тестілеу пәндері бойынша ҰБТ тапсырмаларының базасына түгелдей сараптама жүргізілгендігін" еске сала кетті. "Осылайша біз өткен жылғы қате сұрақтардың барлығын болдырмауға тырыстық және де ата-аналар тарапынан наразылық естігеміз жоқ",- деп атап көрсетті Жансейіт Түймебаев. Сөйтіп, оның айтуынша, "өткен жылы апелляциялық комиссияның атына 1259 наразылық түссе, бүгінде олар небәрі 387".

Сондай-ақ министр, сейсенбіде, 12-маусымда, Алматыда ұлттық бірыңғай тестілеудің тест тапсырмалары жауаптарының дұрыс жауаптарын таратқан ұйымдасқан қылмыстық топтың ұсталғандығын еске сала кетті. "Ишкереленген заң бұзушылықтарға тоқталатын болсақ, оларға қатысты мұқият тергеу жүргізілетін болады", - деді Жансейіт Түймебаев. "Соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен өзара ықпалдаса отырып министрліктің өз күшімен жүргізіледі",- деп қосты ол.

"Егер тексеру нәтижесінде кінәлілердің арасында министрліктің қызметкерлері де бола қалса, онда оларға кім екендігіне, лауазымы мен қоғамдағы орнына қарамастан ең қатаң жаза қолданылатындығын ерекше атап көрсеткім келеді",- деп мәлім етті Жансейіт Түймебаев.

Бұрындары хабарлағанымыздай, Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу 2007 жылғы 10-15 маусым аралығында өткізіледі. Ұлттық бірыңғай тестілеу 51 жоғары оқу орындары мен 103 орта мектеп базаларында орналасқан 154 тестілеу пункттерінде өткізіледі. Мектеп бітірушілер ҰБТ төрт пәннен тапсырады; қазақ немесе орыс тілі (оқыту тіліне байланысты), математика, Қазақстан тарихы және таңдаған мамандығына байланысты таңдауы бойынша. ҰБТ-ға қатысу үшін 144 117 мектеп бітіруші өтініш берді. Оның ішінде 83 884-і қазақ тілінде, 60 233-і орыс тілінде оқытатын мектептердің бітірушілері. Осы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастырушылықпен өткізу мақсатында ҚР ҰҚК құпиялауға жататын ведомстволық тізбесіне ҰБТ дұрыс жауаптар коды енгізілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны