04.08.2006, 17:30 3274

Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтер радиоактивті заттарды қолдану арқылы жасалған лаңкестік шабуылдың зардаптарын жою әрекеттеріне машықтанды

АЛМАТЫ. 4-тамыз. Kazakhstan Today. Алматыда "Энергия-2006" атты оқу-жаттығулар өткізіліп, оның барысында төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтер радиоактивті заттарды қолдану арқылы жасалған лаңкестік шабуылдың зардаптарын жою әрекеттеріне машықтанды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Алматы қалалық мобилизациялық дайындық, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу мен залал-зардаптарын жоюды ұйымдастыру департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Оқу-жаттығулар Ядролық физика институтының аумағында өтті.

Оқу-жаттығулар барысында хабар беру, апаттан құтқару және көшіру жұмыстарын шұғыл ұйымдастырып өткізу, жедел медициналық көмек көрсету мен зардап шеккендерді медициналық мекемелерге жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері дәйектелді.

Дабыл бойынша қимылға кіріскен химиялық қорғаныс взводы радиациялық барлау жүргізіп, оның барысында зарарлы аймақтың шекарасын айқындап, ластану деңгейін анықтады. Ядролық физика институтының Азаматтық қорғаныс жөніндегі құрамы радиоактивтік қауіп-қатерді мейлінше шоғырландыру мен қызметкерлерді лаңкестік әрекеттің зардаптарынан қорғауға машықтанды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны