23.09.2015, 11:03 4489

Трамвай апаты: Полиция вагон тәлімгеріне трамвайды жолдан ал деп айтпаған - ІІД

Жол полицейлері трамваймен болған жол апатына өздерініӊ қатысы барын жоққа шығаруда. ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, полиция қызметкерлері вагон тәлімгеріне трамвайды тежегіштен алып, жолды босат деп айтпағаны тексеріс барысында белгілі болды

Алматы. 23 қыркүйек. Kazakhstan Today - Жол полицейлері трамваймен болған жол апатына өздерініӊ қатысы барын жоққа шығаруда. ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, полиция қызметкерлері вагон тәлімгеріне трамвайды тежегіштен алып, жолды босат деп айтпағаны тексеріс барысында белгілі болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Ірі көлік апатына себеп болған трамвайды тежегіштен алып, жолды босат деп вагон тәлімгерінен полиция талап еткен деген БАҚ-та пайда болған ақпарат бойынша Алматы қаласы ІІД тексеру жұмыстарын жүргізді. Соныӊ нәтижесінде трамвай ДЕПО-сына хабарласып, жолды босатыӊдар деген талаппен ішкі істер органдарыныӊ ешқандай қызметкері жүгінбегені анықталды. Бұған вагон тәлімгерініӊ бастапқы түсініктемесі мен GPS арқылы жол-потрульдік полициясыныӊ жүрген жері мен қозғалысын қадағалауға, сондай-ақ жұмысын үйлестіріп, басқаруға мүмкіндік беретін Алматы ІІД Жедел басқару орталығыныӊ навигациялық жабдықтау жүйесіндегі мәліметтер дәлел бола алады. "102" пультіне алғашқы хабар 11 сағат 22 минутта Шевченко көшесімен жүргізушісіз трамвай кетіп бара жатыр деген мазмұнмен түсті", - деп атап өтті Алматы ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Изірбек.

Бұған дейін "Алматыэлектротранс" ЖШС мәлім еткендей, трамвай тоқтап тұрғанда Шевченко мен Наурызбай батыр көшелерініӊ бойында көлік кептелісі түзілген. Осыған байланысты оқиға орнына жетіп келген жол полициясыныӊ қызметкерлері Наурызбай батыр көшесінде тұрған трамвайды жол бөлігінен алып тастауды талап етіпті. Жол қозғалысына кедергі келтірмес үшін трамвай жүргізушісі көлік құралын жолдыӊ әлдеқайда бос бөлігіне жылжыту мақсатында трамвайды мәжбүрлі түрде тежегіштен босатыпты.

Сондай-ақ компания Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты үкім шығарғаннан кейін "Альянс Полис" сақтандыру компаниясы ЖКО кезінде зардап шеккендердіӊ шығынын толық өтейтінін хабарлады.

Трамваймен болған көлік апаты салдарынан ауруханаға түскен науқастардыӊ бірі қатты жарақат алған. Қазір ол жан сақтау бөлімінде жатыр, тағы бір адам жақында жан сақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.

Естеріӊізге сала кетейік, 21 қыркүйекте Алматыда ірі ЖКО орын алды. №4 трамвай 14 жеӊіл автокөлікті жайпап кетті. Трамвай жүргізушісімен қоса есептегенде, бес адам зардап шеккен. Қазір Алматы ІІД анықтау басқармасыныӊ ЖКО тергеу бөлімі ҚР ҚК 345-бабыныӊ 1-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп жатыр. Кейін ғаламторда куәгерлердіӊ түсірген видеосы пайда болды. Онда жүргізушісіз кетіп бара жатқан трамвайдыӊ соӊынан адам жүгіріп бара жатқаны анық байқалады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны