15.10.2007, 18:35 3217

"Тристар" тұрғын үй кешеніне үлес қосушы 80-нен астам отбасы баспанасыз қалды

"Тристар" тұрғын үй кешеніне үлес қосушы 80-нен астам отбасы баспанасыз қалды.

Алматы. 15-қазан. "Қазақстан Бүгін" - "Тристар" тұрғын үй кешеніне үлес қосушы 80-нен астам отбасы баспанасыз қалды. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Алматы адвокаттар алқасының төрағасы Дмитрий Шишкин мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Адвокаттың айтуынша, "Тристар" тұрғын үй кешеніне үлес қосушылар өздерінің жинақ ақшаларын көп қабатты құрылысқа салып, құралақан қалып отыр.

Белгілі болғандай, "Казтранском сервис" құрылыс салушы компанияға несие бөлуші болып табылатын "ЦентрКредит" банкі компанияның үстінен сотқа шағым берген. Нәтижесінде "Казтранском сервис" банкротқа ұшыраған деп танылып, құрылыс жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлады Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотынан.

"Мемлекет басшысы кеше ғана қолма-қол ақша тапшылығына душар болған банктердегі соның ішінде бірінші кезекте үлестік тұрғын үй құрылысын қаржыландыратын банктерді қолдауға 4 млрд АҚШ долларын бөлу мәселесін көтерген. Яғни, үкімет шара қолданып жатыр, бірақ іс жүзінде нақты адамдарға ешкім қамқорлық танытпай отыр",- деп атап өтті Дмитрий Шишкин.

Сонымен қатар, Дмитрий Шишкин премьер-министр Кәрім Мәсімовтың үкіметке тұрғын үй құрылысына үлес қосушылардың бірде- біреуі зардап шекпеуін қадағалауды тапсырғандығын еске сала кетті.

Үлес қосушылардың пайымдауынша, бұл - банкроттыққа қасақана ұшыратуға жатады. "Бұл құрылысқа ақшаларын салған адамдар олигархтар да, байлар да емес. Біздің барлығымыз жаңадан пайда болып келе жатқан орта топқа жатамыз. Біз көптеген жылдар бойғы еңбегімізбен тапқан ақшамызды салып, өзіміздің баспана жағдайымызды жақсартқымыз келді",- деп атап өтті үлес қосушылардың бірі Есен Кисебаев.

"Салынбай қалған көп қабатты құрылыстың әрбір екінші "иесі" құрылысқа ипотекалық қарыз алғандар",- дейді үлес қосушылар. Олар 2004 жыл мен 2006 жыл аралығында пәтер бағасының 100 пайызын төлеген. Алматыда осы уақыт ішінде тұрғын үй бағасы бірнеше есеге өсіп кетті, тіптен құрылысқа салынған ақша қайтарылғанның өзінде уәде етілген пәтерге тең баспана сатып алу мүмкін емес.

Үлес қосушыларға архитектура және қала салу департаментінен хабарлағандай, тұрғын үй кешені салынып жатқан ауданда бес қабаттан биік ғимарат салуға тыйым салынған. Үлес қосушылар мұндай мәселенің бастапқыда туындамағандығын айтуда. "Біз құжаттарға талдау жасай отырып, компанияның құрылыс жұмысын бастаған кезде 16-17 қабатты, көп пәтерлі тұрғын үй салуға рұқсат беретін барлық құжаттарының бар екендігіне көз жеткіздік",- деп түсіндірді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Ермек Тұрсағұлов.

Сонымен қатар, құрылыс қабатының төмендеуі қарастырылса да, жұмыс жылжымаған. "Біз 12 қабатқа да келістік, кейбіреулер тіптен 9 қабатқа да келісті, бірақ іс жүрмеді. Біз 2006 жылдың аяғында баспанамызды алуға тиіс болатынбыз, ал бүгінде 2007 жыл аяқталып барады",- деді Есен Кисебаев.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында үлес қосушылар биліктің тыйым салғандығына қарамастан, "Тристар" тұрғын үй кешенінің маңында 22-қабатты "Samal Deluxe" тұрғын үй кешенінің салынып жатқандығына наразылықтарын танытты.

Бұрын "Тристар" тұрғын үй кешені 17-18 қабаттан тұрады деп жоспарланған болатын. Бірақ құрылыс 8-ші қабатта тоқтап қалған. Жобаға үлес қосушылардан жиналған 15 млн долларға жуық қаржы салынған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны